427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде балық өсіретін маман тапшы

  • 149
  • UPD: 23:02, 08.10.2020

Елде балық өсірудің қыр-сырын білетін маман тапшы. Себебі мектеп түлектері бұл жаққа бет бұра бермейді. Дегенмен, Қазақстанның балық өсіру әлеуеті әлдеқайда жоғары.

Сарапшылар жылына алты жүз мың тоннаға дейін өнім алуға болатынын айтады. 

Бұл шаруашылық Алматы облысындағы Есік өзенінің жағасында орналасқан. Таулы аймақ әсіресе ханбалыққа өте қолайлы. Сәл төменіректе сазан, бекіре мен амур өсіріледі. Жылына мың тонна өнім алады. Ауланған балық ішкі нарықтан артылмайды.  

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Шаруашылықтағы ең үлкен ханбалықтар осы бассейнде ұсталады. Бұлардың жасы шамамен 2 жасқа келіп қалған. Ал салмақтары 3-4 килограмның төңірегінде. Мамандардың айтуынша, қараша айында уылдырығы алынып, содан кейін супармаркеттерге өткізіледі.

Мұндай дәрежеге жету үшін тынбай еңбек ету керек. Шаруашылық директоры Марлен Тұрсынәлінің мамандығы ихтиолог әрі PhD докторы. Сондықтан оған жеңілдеу. «Әйтпесе бұл саланың ең бірінші қиындығы маман тапшылығы» дейді ол.

Марлен Тұрсынәлі, балық шаруашылығының директоры:  

- Балық шаруашылығын дамыту үшін біріншіден, кадр, кадр жағынан проблема көп. Кадрлар бар, бірақ тәжірибесі жоқ. Оқушылар бір бөлек, ғалымдар бір бөлек, шаруашылықтар бір бөлек. Ал шаруашылық ғылым-білімсіз дамымайды. Бұл жерде инновация болу керек. Сол кезде ғана ол дамиды. Ал инновацияны жасайтын ғалымдар олар өздерінше жүр.

Шаруашылық әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен бірігіп ғылыми-зерттеу институтын құрыпты. Сондай-ақ тамыз айында Балық мектебін ашқан. Осы кәсіппен айналысамын деген азаматтар университет профессорларымен бірігіп дайындалған он күндік курстан өте алады. Тәжірибеден өтем деген студенттерге де есік ашық.  

Жансұлу Үргенішбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті, ихтиопатолог:

- Біздің хозяйстводағы балықтардың денсаулығына және де олардың ауруға шалдықпауына басты жауап беремін өзім. Қазіргі таңда біз көзбен де көріп және де сабақпен бірге теория мен практиканы қатар алып жұмыс істеп жатырмыз.

Қазақстанда балық өсіруге қолайлы өзен, көлдер жеткілікті.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, еліміздің балық өнімдерінің нарығы былтыр 66 мың тонна болған. Келешекте өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Салаға қолдау көрсету мақсатында министрлік кейбір заңдарға өзгеріс енгізіп, балық өсіруге кететін кейбір шығын түрлеріне субсидияны көбейтуді ұсынып отыр.     

Авторлар: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы