429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-ның Жаңақала ауданында мыңнан аса оқушы қашықтан оқып жатыр

  • 127
  • UPD: 20:57, 12.10.2020

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында мыңнан аса шәкірт қашықтан оқып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Интернет байланысы аудан орталығында ғана талапқа сай болғанымен, алыс ауылдарда жағдай керісінше. Сондықтан ауылдық округтерде оқушылар мектепке барып оқып жүрген көрінеді. Шалғай ауылдағы шәкірттерді не толғандырады? Онлайн сабақтар ойдағыдай өтуде ме деген сауалдарға өңірдегі тілшіміз Талғат Серікқалиұлы жауап іздеп көрді.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Айсезім Асқарова 11-сыныпта оқиды. Қашықтан оқытуға байланысты әзірге үйден білім алып жатыр. Отбасында өзінен басқа сіңлілері де ұстаздарымен осылай онлайн байланыс арқылы жүздеседі. «Кей пәндерді тек қана компьютердің көмегімен оқуға тырысамын. Бұл кезде бауырларым ұялы телефонмен амалдауға мәжбүр», - дейді ол.

Айсезім Асқарова, Жаңақала мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы:

- Біз үйде 4 оқушы болғандықтан, маңызды сабақтарда компьютерді бөлісіп оқуға тура келеді. Маңызды пәндер қайсымызға келеді, сол компьютермен оқиды. Ал қалғанымыз соткамен оқып отырамыз. Маңызды пәндер мысалы мен өзім таңдау пәнім ағылшын, дүниежүзі тарихы, математика пәндерді оқимыз. Ал, сіңілім ол әлі кішкентай болғандықтан, математика орыс тілі деген сабақтарды компьютермен оқуға тырысады. Компьютермен оқыған өте жеңіл, себебі ұялы телефонда экран кішкентай болған соң бәрін бірдей көрсете алмайды.

Жаңақаладағы қашықтан оқытатын 3 мектепте Айсезім секілді мың шақты оқушы үйден білім алады. Аудан орталығы болған соң интернеттің жылдамдығы жақсы. Тұрғындар 4G-дің қызығын көріп отыр. Ұстазы ұғынықты түсіндірсе, зерделі шәкіртке санаға тоқуға еш кедергі жоқтай. «Дегенмен, алыс ауылдарда жағдай керісінше», - дейді мамандар.

Ринат Дияр, аудандық әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:

- Қазіргі мына қашықтан оқытудың қиындықтары енді ауылдық жерлерде интернеттің тежеліп қалатындығы. Жылдамдық дейміз ғой, сол кейде жай болады да, оқушылар онлайн мектеп платформасында оқытып жатырмыз, сол кезде мектептің мұғалімдерінің берген видеоконференция дейді, соларға кіре алмай, сабаққа кейде кеселін тигізіп жатады мына интернеттің тежелуі.

Нұрасыл Асқар, 3-сынып оқушысы:

- 1-2 сыныпта менің қасымда Айша деген көршім отырды. Қазір 3-сыныпта Айша артқы партаға көшіп кетті. Себебі біз 2 метрден жақын жерге отыруымызға болмайды. Себебі бізге жаман тұмау жұғып кетуі мүмкін.

Ал, Нұрасыл секілді бастауыштағы балдырғандар үшін кезекші сыныптар жұмыс істеп тұр. Санитарлық талапқа сай олар осылай әр партада бір оқушыдан отыруға мәжбүр. «Оның да қолайлы-қолайсыз тұстары баршылық»,- дейді ұстаздар.

Жанар Ерғалиева, бастауыш сынып мұғалімі:

- Жақсы жағынан бастасақ, бала саны шектеулі, барлық баладан сабақ сұрап үлгересіз, сол жағы болмаса. Енді қолайсыз жағы маскамен жүру, балалардың жартысы онлайн оқып жатыр, оларға білім беру және де екі кезекке бөлініп оқу. Ол мұғалімнің де уақытын алады. Оқушылардың барлығы келгені дұрыс қой мектепке, бір-бірімен қарым-қатынас жасайды, тақтада түсіндірген, тақта алдына шығып сабақ айтқаны өте қажет нәрсе, оған ештеңе жетпейді.

Ауданға қарасты ауылдарда шәкірттердің барлығы да мектепке барып жүр. Сабақ кезінде сақтық шаралары қатаң сақталады. Мысалы, әр сыныпта 15 оқушыдан аспауы тиіс. Бұған дейін 110 отбасыға компьютер мен планшеттер берілді. Мұқтаж отбасылар үшін тағы 80 компьютер алу жоспарда. «Сол кезде шәкірттер онлайн оқытуға қажетті құралдармен 100% қамтылады»,- дейді сала мамандары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы