428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да ауылда тұратын студенттер қашықтан оқу үшін қаладан пәтер жалдауға мәжбүр

  • 138
  • UPD: 20:49, 14.10.2020

Шығыс Қазақстан облысының шалғай ауылдарында интернет байланысы өте нашар. Сондықтан онлайн оқу студенттерге оңай болмай тұр. Мәселен, 870 тұрғыны бар Үштөбе ауылында 72 студент осы қиындықты бастан кешіп отыр. Қазір білім қуған жастар еріксіз аудан орталығы Ақсуатқа немесе Семей, Өскеменге барып пәтер жалдауға мәжбүр. Интернет үшін қосымша қаражат тағы шығындайды. Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл туралы бірнеше рет республикалық құзырлы мекемелер мен байланыс операторларына хат жазылғанымен әзірге нәтиже болмай тұрғанын айтады. 

Үштөбелік білім қуған өрендер қазір аудан орталығы мен үлкен қалаларға сабылып әлек. Онлайн оқу оңай болмай тұр оларға. Ауылда интернет жоқ болған соң осы.

Бекзат Өмірханұлы, студент:

- Мен Нұр-Сұлтан қаласында оқимын кәсіптік-техникалық колледжде. Біздің ауылда сеть жоқ, сол жоқ болған соң осында келіп оқып жатырмыз. Айына квартира жалдап төлейміз, жұма күндері ауылға барып, дүйсенбі қайтып келеміз.

Шәкәрім Әріпұлы, студент:

- Бұл жаққа келгенде пәтер жалдап жатамыз және интернет ақшасы, жолақысы оның бәрі бізге тиімсіз. Ал өзіміздің ауылымызда интернет дұрыс ұстамайды. Мектепте бұрын болған, оның өзі қазір істемей қалды.

870 адам тұратын Үштөбе ауылында барлығы 72 студент бар екен. Олар қазір онлайн оқу болса да аудан орталығынан өзге Семей, Өскемен, Алматы сияқты қалаларға барып пәтер жалдауға мәжбүр. Ал ата-аналарды алаңдатып отырғаны балаларының денсаулығы. Өйткені жүріс-тұрыс көбейгендіктен қауіпті індетті жұқтыру ықтималдылығы да артары сөзсіз.

Әріп Құнафин, Үштөбе ауылының тұрғыны:

- Балаларға алаңдаймыз біз, мына келесі толқын келе жатыр деп, соған алаңдаймыз. Ол енді жүрмей, магазинге бармай тұрмайды емес, сол үшін алаңдаймыз балаларға. Одан кейін мектебімізде бар интернет ол өзі жүрмейтін интернет. Документ бірдеме жіберейін десең, созылып тұрады, үзіліп қалады. Вышка, ол немене вышка екенін білмейміз, ол тұрғалы 5 жыл болды. 5 жылда ештеме істеген жоқ, құр әкеліп қойды, ішінде бәрі жағдайы бар, контейнері бар, тарелкасы бәрі тұр, ол қандай себеппен тұрғанын біз білмейміз.

Құралай Бейісбекова, көп балалы ана:

- Интернет жоқ біздің ауылда, еріксіз қалаға жіберіп отырмыз. Квартира, тамағы бар, әрі-бері жүргені бар, оңай емес бәрімізге сол. Соған интернет берсе бізге, телефон болса, мектептегі интернет жылдамдығы келмейді, бізге онлайнмен оңай емес анау жақта. Үйде оқыса, интернет болса, соны сұраймыз, өтінеміз.

Тоқтаубек Сапин, Үштөбе ауылының тұрғыны:

- Жұмыс істеп жанталасып жатқан ауыл. Ешкім қарап отырған жоқ. Ауылымызда мектеп, аурухана бар, жағдай жасалған. Ендігі мәселеміз осы интернет құрып берсе балаларға деген.

Қазір Үштөбе сынды таулы, қыратты өңірлерде орналасқан Қызылкесік, Кіндікті, Жаңауыл, Ахметбұлақ, Бозша сияқты ауылдарда интернеттің аты болғанмен, заты жоқ. Жылдамдығы секундына 4 мегабит қана. Оның өзі ілдалдамен әрең істейді. Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл мәселе жөнінен құзырлы мекемелерге әлденеше рет хат жазғандарын айтады.

Сайлау Қалиев, Қызылкесік ауылдық округінің әкімі:

- Бұл мәселе жөнінде республикалық «Қазақтелеком» басқа да байланыс операторларына күнделікті, айына 2 реттен болсын қатынас қағаздар, халықтың атынан өтініштер жіберіп отырамыз. Бірақ бүгінгі күнге сол өтінішіміз аяқсыз қалуда. Біздің аудан, ауыл әкімшілігінің құзіретіне, қаржы жағдайына келмейтін болғандықтан жоғарыға халық тілегін жеткізгеннен басқа амал қалмай тұр.

Еліміздің цифрлық даму министрлігінен хабарлағандай, бұл мәселе жыл соңына дейін толық шешімін табуы тиіс. Ол үшін арнайы жоба жасалып, мыңға тарта ауылға сапалы интернет тарту көзделіп отыр.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы