422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркияда білім алу мен өмір сүрудің ерекшеліктері қандай – қазақ қызының көзімен

  • 507
  • UPD: 14:29, 22.10.2020
Түркияда білім алу мен өмір сүрудің ерекшеліктері қандай – қазақ қызының көзімен

Түркияға оқуға түсу, білім беру жүйесіндегі өзгешеліктер, түрік елінде өмір сүрудің ерекшеліктері мен жастарға жасалған мүмкіндіктер.

Бұл туралы Түркияның Анкара университетінде Журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген қазақ қызы Мадина Жанғазиева айтып берді.

– Түркияға оқуға қалай, қандай бағдарламамен түстіңіз?

– Мен Түркияға Turkey Scholarships бағдарламасымен оқуға түстім. Бізді жатақханамен, оқумен, стипендиямен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта магистратураның үшінші жылында, яғни соңғы курста оқимын.

– Осы бағдарламамен Түркияға оқуға түскісі келетін қазақстандық жастарға не айтасыз? Қандай талаптар қойылады?

– Бұл бағдарламамен оқуға түсетін жастар саны күннен-күнге артып келеді. Жылына бір рет тіркеу жасау үшін өтініш беруге болады. Көбінесе қаңтар және ақпан айларында жүзеге асырылады. Оқуға түсу үшін түрік тілін білу міндеттелмейді. Ең алдымен онлайн түрде құжаттар тапсырылады, ең бірінші академиялық ұтқырлыққа, академиялық деңгейге қарайды. Оған дейін оқу орындарын қаншалықты сәтті аяқтағаныңызға, қоғамдық белсенділікке де қарайды. Сосын ғана екінші кезеңге өткізеді, ол кезең жүзбе-жүз кездесіп, сөйлесу арқылы жүзеге асырылады.

– Түрік тілін үйрену қиындық тудырмады ма? Қанша уақытта меңгеріп алдыңыз?

– Негізінен түрік тілін үйрену қиындық тудырмайды. Оның ішінде қазақтар үшін тіпті жеңіл, өйткені түбі бір түркітілдес халықтармыз ғой. Сөздердегі, сөйлем құрылымындағы ұқсастықтарды ескере отырып, басқа тілдерден гөрі түрік тілін үйрену оңайырақ деп айтар едім. Өз басым Түркияға алғаш келгенде түрік тілін мүлдем білмедім. Оқуға келгенде бір жыл фаундейшн деп аталатын курсты оқыдым.

– Өзіңіз Қазақстандағы ұлттық университеттердің бірінде оқып, бакалавр дәрежесін алған екенсіз. Қазақстандағы білім жүйесі мен Түркиядағы білім жүйесінде қандай өзгешеліктер байқадыңыз?

– Бакалаврды Еуразия ұлттық университетінде оқыған болатынмын. Әрине, екі елдің оқу жүйесінде айырмашылықтар бар. Бағалауында, оқыту әдісінде үлкен айырмашылықтар бар деп айтар едім. Мысалы, бізде әрбір қатысқан дәріс, тәжірибелік сабақтар күнделікті бағаланып отырса, Түркияда тек емтихан кезінде, 6 ай немесе 4 айдан кейін бір рет қана баға қойылады. Оған дейін сізді мұғалім қалай бағалайтынын білмейсіз, барлық сабаққа бірдей қатысып, белсенділік танытып жүресіз.

– Коронавирус әлемде енді тарала бастаған кезде шетелдерде оқитын студенттер елге оралды, тіпті отандық ЖОО-ларға ауысты. Карантин кезінде қандай да бір қиындықтар туындамады ма?

– Коронавирустың алғашқы күндерінен бастап Түркиядағы әрбір студенттің жағдайын біліп, елге қайту-қайтпауы туралы ақпараттарды жинап, елшілік бізбен тікелей байланыста болды. Сол себепті біз де қатардағы студенттермен бірігіп елге оралған болатынбыз. Бұл істі жүзеге асыруға елшіліктің, сондай-ақ Түркиядағы жекеменшік компаниялардың үлкен септігі тиді. Сол себепті ешқандай қиындықтар болған жоқ.

– Түркия сізді ең бірінші несімен баурап алды? Жалпы бұл елде өмір сүру қалай?

– Түркия мені ең алдымен адамдардың жылылығымен, шынайы қонақжайлылығымен, сонымен қатар жалғыз қалып қойсаң, кез келген адамнан көмек сұрай алатындығымен баурап алды. Яғни, адамдарымен. Осы күнге дейін Анкара және Измир қалаларында ұзақ мерзім тұрдым. Ал басқа қалаларында 3-4 күнге қыдырып бардым. Әр қаласының өзіндік ерекшелігі бар. Жалпы Түркияда қазіргі сәтпен өмір сүру деген дүниенің бар екендігіне көз жеткізуге болады. Сонымен қатар дүниенің ізінен қуып кетпей бүгінгі күннің бағасын білетін адамдар өмір сүреді. Жасы ұлғайған кісілердің өмір сүру стильдері, өздеріне көңіл бөлулері ерекше көзге түседі.

– Жастарға, халыққа қандай жағдай жасалған деп айтар едіңіз?

– Жастарға өте жақсы жағдай жасалған. Бастысы – оқы, қалған жағдайдың барлығы бар. Мысалы оны жатақханаларынан-ақ байқауға болады, өзіндік жеке кеңістік бар, яғни оқу үшін де, өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу үшін де арнайы жағдай жасап берген. Стипендияның өзі бір ай өмір сүруімізге толығымен жетеді.

– Түркі тілдес халықтармыз ғой, тілдегі ұқсастықтарды қоспағанда салт-дәстүрінен, дүниетанымдарынан ұқсастықтар байқадыңыз ба?

– Түбі бір түркі халықтары болғандықтан, салт-дәстүрлерімізде ұқсастықтар бар. Қызға сырға салу салтымыз сияқты Түркияда да қыздың ата-анасынан алдымен рұқсат алады. Кішігірім салттардың ұқсастығы бар: бесікке бөлеу, қыз ұзату. Өзгешелігі ретінде Қазақстанда әлі де үлкенге құрмет, кішіге іздет деген сыйластықтың жоғалмағанын көре аламыз. Түркияда бұл жағы аздап әлсірегендей көрінеді. Оған қоғамдық көліктердегі үлкен кісілерге орын бермеулерінен байқаймыз. Біз үлкен кісілерге орын беріп жатсақ, олар бізге таңғалып, «қайдан келгенсіздер, қай жақтансыздар» деп сұрап жатады.

– Әр елдің өзіне тән менталитеті бар ғой. Шетелден білім алып келген студенттердің соған сай өз көзқарастары, дүниетанымдары өзгеріп жатады. Түркия сізге қалай әсер етті?

– Шынымен де менталитет, жүрген орта, алған білім барлығы адамды өзгертетіні рас. Соның ішінде мені Түркия қалай өзгертті десек, академиялық-ғылыми алаңға қызығушылығымды оятты. Алған әр сабағымыз менің журналист-практик ретінде емес, журналист-ғалым ретінде өзімді сынап көруге жол ашты. Сонымен қатар біздің жалпы менталитетте «қаламаймын» деген сөзді көп қолданбаймыз ғой. Әсіресе, өзімізден жасы үлкен бауыр, ата-ана, достарымызға болсын «жоқ» деп айтуды білмейміз. Тек барлығының көңілін тауып, көңіліне қарап тұратындай боламыз. Өзімізді соңғы орынға қойып жатамыз. Ал Түркияда ең алдымен өзіңнің қалауыңды және өзіңді бірінші орынға қою өте маңызды. Сол жағынан мені өзгертті.

– Оқуды бітірген соң бірден елге оралатын шығарсыз, әлде Түркияда қалғыңыз келетін кездер бола ма?

– Оқуды бітірген соң алған білімім арқылы өз елімнің дамуына үлес қосқым келеді. Әрине, кейде осында қалғымыз келетін кездер болады. Өйткені осында 3 жыл жүріп, орта қалыптасты, бір отбасыдай болып кеткен достарым бар, қимастық болады.

– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Оқуыңызды аяқтап, аман-есен елге оралыңыз!

Сұхбаттасқан: Д.Доспан

Хабар 24 телеарнасы