425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде оқу жылы басталғалы 250 оқушыдан коронавирус анықталды

  • 196
  • UPD: 20:18, 21.10.2020
Елімізде оқу жылы басталғалы 250 оқушыдан коронавирус анықталды

105 жағдай кезекші сыныптардағы балалар арасында тіркелген, хабарлайды «Хабар 24».

Қалған 145 жағдай қашықтан оқып жатқандардан анықталған. Олармен байланыста болған 348 адам анықталып, 22-інде вирус табылды. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова айтты. Өткен аптамен салыстырғанда коронавирус жұқтыру көрсеткіштері 1,2 есе өскен. Республиканың 12 өңірінде өсім байқалады.

COVID-19 індетін жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп келеді. Қарағанды облысында тұтас бір ауыл, ал Павлодарда мектеп карантинге жабылды. «Бұл бейқамдықтың белгісі, жұрттың көбі әлі де санитарлық талаптарды сақтамай жүр», - дейді мамандар.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Қазір Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданына қарасты Центральное ауылының маңына блок-бекет қойылып, кіріп-шығуға тыйым салынды. Елді мекенге қазанның 6-сы күні ресейлік азамат қонаққа келген. Кейін одан коронавирус індеті анықталды. Санаулы күнде науқаспен байланыста болған 12 адам сырқат жұқтырған. Оның екеуі қазір ауруханада, қалғандары үй карантинінде. Ал ауыл тұрғындарына санитарлық талапты қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Тек жұмысқа, дүкенге немесе дәріханаға баруға ғана рұқсат берілген.

Самат Мейірманов, Центральное ауылдық округінің әкімі:

- Еріктілер шыға алмайтын кісілерге көмек көрсетіп жатыр. Дәріханаға барып келуге, оларға дәрі-дәрмекті үйдің есігінің алдына дейін әкеліп береді. Екі адам қазір госпитальда. Бүкіл байланыста болғандар белгілі, олар қазір үйлерінде отыр.

Ал Павлодарда мектеп карантинге жабылды. Коронавирус инфекциясы бастауыш сыныпта оқитын үш оқушыдан және бір мұғалімнен анықталған. Осыған байланысты санитарлық дәрігерлер білім ордасына зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Кезекші сыныпқа баратын барлық оқушы қашықтан оқуға көшірілді. Олардың бәрінен коронавирусқа қарсы сынама алынды. Әзірге нәтижесі шыққан жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың жағдайы жақсы, амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр.

Әсия Жүкібаева, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі кезде тек бір ғана білім ошағы, яғни №34 мектеп жабылды. Қаулыға сәйкес үштен көп оқиға тіркелген жағдайда коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату үшін аумақтық ұйым шешім қабылдайды. Зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Оқу үрдісі қыркүйектің 19-ынан қарашаның 1-іне дейін оқушылармен қатар ұстаздар үшін де тоқтатылды.

Жалпы оқу жылы басталған бері COVID-19 дерті өңірдегі 4 балабақша мен 2 мектепте тіркелген. Осы уақыт аралығында 7 бала мен 1 мұғалімнің ауруға шалдыққаны белгілі болды. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Қарылғаш Қасиетова, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы