422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысы Жылы су ауылында оқушылар интернет ұстайтын жерді іздеуден шаршады

  • 104
  • UPD: 22:54, 05.11.2020

Түркістан облысында әлі де интернет тартылмаған ауылдар көп. Сарыағаш ауданының өзінде 5 елді мекен тұрғындары байланыс аясынан тыс жерде өмір сүреді. Кей ауылдарға ғаламтор желісі сапасыз тартылған. Салдарынан оқу-білімге қатысты сайттар жүктелмейді. Кесірі оқушыларға тиіп жатыр. Онлайн оқу тіпті қиын. 

Сарыағаш ауданындағы Жылы су ауылы интернетке қосылғандар қатарында. Бірақ тек қағаз жүзінде секілді. Студенттер мен мектеп оқушылары бар уақытын ғаламтор тартатын жерді іздеумен өткізеді. Ноутбук пен телефон ұстаған өрендер үйлерінен алыстап, жырақтағы жол бойына шығып, сонда бірнеше сағат отыруға мәжбүр. 

Нағима Бекбаева, Жылы су ауылының тұрғыны: 

- Менің өзімде 3 балам бар. Біреуі 5-сынып оқиды, біреуі 3, біреуі 2 оқиды. Барлығы бір телефонға қарап отырмыз. Телефон ұстамайды, апайы айтады тапсырманы орындамасаңдар тоқсандық шықпайды деп. Қайдан шығарамыз? Мына жерге келеміз 3 бала-шағаммен түнде, азанда келеміз. Интернет жоқ. Оқығысы келеді, телефонды былай көтереді, былай көтереді. Мына жерге суық түсіп қалды. Өздерін жібере алмаймыз.  

Ауылдық мектепте кезекші сыныптар ашылған. Бірақ оған тек 1-класс оқушылары ғана барып жүр. Қалғандары онлайн оқудан бас алмайды. Файзулла Насыров 4 баласының да сабағын өзі қадағалайды. Сондықтан азаннан кешке дейін үйдегі жалғыз телефон қолынан түспейді.  

Файзулла Насыров, ауыл тұрғыны:

- Балалардың білім алу дәрежесі өте төмендеп кетті карантин басталғалы. Балалардың бәріне, әрқайсысына телефон алып беруге менің жағдайым жоқ негізі. Ауылымызға WI-FI антенна құру деген мәселелер бар екен. Сол құрылса, ауылымызға WI-FI келсе екен. 

Әкімдіктегілер ауданда интернет бар, бірақ баяу жұмыс істейтінін айтады. Жуық арада олқылық жөнге келетініне сендіріп бақты. Сарыағашта байланыс желісі мүлдем тартылмаған ауылдар бар көрінеді. 

Смаил Тасқұлов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:

- Бізде Өзбекстанмен шекаралас 5 елді мекенде үшеуі шалғай, екеуі шекаралас ауылда интернет жұмыс істемейді. Сол жерге біз антенна қойып жатырмыз. Осы бір айдың төңірегінде интернет ұстайтын болады. 

Шалғай елді мекен тұрғындары жаңа технология сарқыншақтарының келуінен үмітті. Бастысы, тартылған желі жүйкені жұқартпай кәдеге жараса болғаны дейді ауылдықтар. Әзірге бәрі керісінше болып тұр.

Қамбар Бекенов, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы