422.66 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық NARUVAX C-19 вакцинасы оң нәтиже көрсетуде

  • 200
  • UPD: 23:02, 06.11.2020

Коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық жаңа вакцинаға NARUVAX C-19 деген ат берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Препарат Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жанындағы Халықаралық вакцинология орталығында жасалған. Қазіргі таңда вакцина Алматыдағы Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығында клиникаға дейінгі сынақтан өткізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері жаман емес көрінеді.

NARUVAX C-19 вакцинасы – толығымен қазақстандық өнім. Бұл – екі ғылыми орталықтың біріккен зерттеулерінің жемісі. Өзге вакциналар секілді рекомбинантты синтетикалық жолмен алынған ақуыздан жасалған. Вакцинаны тиімді ететін «адювант» деп аталатын қоспа франциялық компаниянікі. Сынақ тышқан, егеуқұйрықтарға жасалуда.

Қайсар Табынов, ҚазҰАЗУ жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры:

– Жалпы қауіпсіздігі, иммуногенділігі жөнінен жақсы нәтижелер алдық. Егілген зертханалық жануарлардан осы ауруға қарсы антиденені таптық. Екіншіден, біздің вакцинамыз торшалық иммунитет түзді. Біз соны анық байқадық.

Қазақстандық ғалымдар дайындаған екінші вакцина NARUVAX C-19/NANO деп аталатын болды. Алғашқысы бұлшық етке енгізілсе, екіншісі мұрынға тамызылады. Екі препарат та кандидат вакцина ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуінен өткен.

Қайсар Табынов, ҚазҰАЗУ жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры:

– Екінші нановакцина – серіктесіміз Огайо мемлекеттік университетімен бірге дайындалған вакцина. Әртүрлі табиғи полимерлерді пайдалана отырып біз нано бөлшектер арқылы вакцина дайындадық. Яғни вакцинаның белсенді бөлігін біз сол полимерлер ішіне енгізіп береміз.

Бұл вакциналардың толық сынақтан өтуі үшін әлі бірнеше кезең бар. Дегенмен ғалымдар келесі жылдың басында маймылдарға эксперимент жасап, клиникаға дейінгі зерттеулерді толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы