423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада жастарға білім беру жобасы іске қосылды

  • 174
  • UPD: 21:08, 09.11.2020

Елордада «Жаңа жағдайдағы жастар: Іс-қимыл кезеңі» республикалық жастар білім беру жобасы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Форум – жыл сайын жаз айларында Зеренді өңірінде өткізілетін «Zeren» дәстүрлі диалог алаңының жалғасы. Пандемияға байланысты аталған шара онлайн форматта және бас қаладағы Қазақстан жастары конгресінің кеңсесінде ұйымдастырылды. Онда конгресс кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева мен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз сөйледі.

Сонымен қатар еліміздің белсенді жастары өз пікірлерімен бөлісті. «Zeren» білім беру жобасы 2018 жылы басталды. Содан бері бірнеше форум ұйымдастырылып, стартап жобалар таныстырылды. Жалпы сомасы 40 млн теңге болатын бизнес идеялар іске асты. Жобаға танымал меценат, сарапшы және түрлі саланың белгілі тұлғалары қатысады. Шара барысында Дариға Назарбаева жастарды волонтерлікке баулуға баса көңіл бөлуге шақырды. «Пандемия басталғалы бұл іске ерекше назар аударылды. Жастар өзінің елге деген жанашырлығын көрсетті. Сондықтан конгресс атынан баршаңызға алғыс айтамын», – деді кеңес төрағасы.

Дариға Назарбаева, Қазақстан жастары конгресі кеңесінің төрағасы:

– Құрметті жастар! Биылғы жыл еліміз үшін және әрбіреуіміз үшін үлкен сынақ жылы болды. Пандемияның қара бұлты адамдардың денсаулығына нұқсан келтіріп, өмірлерін қиып, әлемге қауіп-қатер төндірді. Мен жақындарынан айырылған адамдарға шын жүректен көңіл айтамын. Бұл – орны толмас қайғы. Басқасының барлығын орнына қайта келтіруге болады. Мен Қазақстан жастар конгресінің барлық белсенділеріне, еріктілерге осындай қиын кезеңде адамдарға адал ниетпен қол ұшын беріп көмек көрсеткендері үшін зор құрметпен алғыс айтамын.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Әр заманның өз міндеті бар. Қазіргі жағдайда көзқарасты қайта қарауды талап етіп отыр. Бүгінгі алаң үлкен жұмысты атқарады. Бұл шара жастарға білім берумен қатар олардың құнды пікірлерін тыңдап, қажетті қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Хабар 24 телеарнасы