422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысында 60 мыңға жуық оқушы мектепке барды

  • 157
  • UPD: 08:17, 16.11.2020

Қызылорда облысында 60 мыңға жуық оқушы мектепке барды. Республикалық бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, бала саны 300-ден аспайтын мектепте дәстүрлі түрде оқу процесі жүргізіледі. Аймақта мұндай 121 білім беру нысаны бар. ІІ-оқу тоқсанының ерекшелігі кезекші топтарға 5-сынып қосылып, ата-аналардың өтініші бойынша 3 мыңға жуық  кезекші топ ашылды. Ал жыл соңына дейін өңірдегі ауылдардың 80 проценті ғаламтор желісімен қамтылмақ.

Қазалы ауданы Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектепке 1-тоқсанда тек 60 бала ғана келіп оқыды. Енді 280-ге жуық оқушы түгел партаға отырады. Сыныптарда шахмат тәсілі бойынша әр партаға бір баладан отырады. Сабақтың уақыты 40 минут. Мұғалімдер бұрын бір мезгілде оқытып келсе, енді 2 ауысымдық оқу жүйесіне  көшті. Сондай-ақ үйірмелер де өз жұмысын бастайды. Оқушылар мектепке кірерде 5 түрлі дезинфекциялық сатыдан өткізіледі. 

Асылбек Амангелдіұлы, Қ.Пірімов атындағы №103 орта мектеп директоры:

- Оқушылардың да, мұғалімдердің де тепловизормен температурасы өлшенеді. Тоннель арқылы дезинфекциялық жұмыстары болады. Және медбике барлық жұмыстарды бақылайды. Егер оқушының температурасы көтерілген жағдайда ол дереу үйіне қайтарылады. Сақтық құралдары аудандық бюджеттен ақша бөлініп, тоннель, тепловизор, кварц құрылғыларының барлығы да жеткілікті. 

6 мен 11-сынып оқушылары қашықтан оқу форматын жалғастырады. Үкімет резерві қорынан бөлінген қаржыға 22800 электронды құрылғы алынды. Бірінші кезекте оқу құралы жоқ 39 мың балаға компьютер таратылып берілді. «Білім лэнд» платформасы арқылы білім беру бойынша Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейі республикада үздік онлайн мектеп болып танылды.

Батырбек Тәңірбергенов, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінің директоры: 

- Жалпы мектепте әлеуметтік тұрмысы төмен 300 оқушы бар 76 отбасынан шыққан. Олардың барлығы компьютер, планшет, ноутбуктермен қамтамасыз етілген. Күні кеше 20 планшет, оның алдында 42 планшет келді. Барлығына сим-карта салынып, қажетті мегабайттарымен ата-аналарға берілді. Алдағы уақытта БҒМ-нен тағы 20 компьютер келіп, таратылатын болады.      

Облыс бойынша да «орта білім беретін үздік ұйым» атанған мектепке 17 миллион теңгенің гранты табысталып, сол қаржыға бейнесабақ түсіретін студия қондырғылары орнатылып жатыр. Енді оған сапалы интернет керек. Жалпы өңірде жыл соңына дейін 23 елді мекенде ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын салу жоспарланып отыр. Сол кезде ауылдарды ғаламтор желісімен қамту 80 процентке жеткізіледі.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы