422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысы Қарасу ауданында алғаш рет қазақ мектебі салынып жатыр

  • 70
  • UPD: 23:28, 17.11.2020

Қарасу - Қостанай облысындағы  жер көлемі, халық саны жағынан да іргелі аудандардың бірі. Осындай ауқымды бүтін бір ауданда алғаш қазақ мектебі бұдан он жыл бұрын ашылды.

Оның өзі бастапқыда бастауыш болып, бертін келе ғана тоғыз жылдыққа айналды. Жергілікті халық мемлекеттік тілде дәріс беретін жаңа мектеп салу жөнінде көптен бері айтып жүр.  

Мағауия Қалиев, тілші:

- Мынау Қарасудағы жалғыз қазақ мектебі. Жарты ғасыр бұрын салынған бұл ғимарат мектепке лайықталмаған. Ішінде не спорт залы не, акт залы жоқ. Мектеп алды ауласы жолға тақау және тым тар.

1968 жылы интернат ретінде салынған бұл ғимаратта, бір кездері кітапхана орналасты. Одан кейін қазақ мектебіне айналды. Ескі ғимарат демесең, ішкі жөндеуі келісті. Алайда оқу ордасы деген атына заты сай емес.  

Айгүл Арғынғазина, Қарасу негізгі мектебінің директоры:

- Біз мынау жастар спорт мектебіне осы он жыл болды сонда барып, балалар спортпен айналасады. Олардың спорт залдары өздеріне қажет бос болмайды. Мектеп ауласы мүлдем жоқ. Балалар не жүгіріп ойлай алмайды. Арнайы заман талабына сай кабинеттеріміз жоқ.

Қазір тоғыз жылдық мектепте 65 бала білім алып жатыр. Көбейтуге болар еді, оған мүмкіндіктері жоқ. Ата-аналар да жүдеу-жадау күйдегі мектепке балаларын бергісі жоқ.

Абылай Сәрсенбаев, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Қазақ мектебіне бергісі келетіндер көп негізі, мектеп шағын болғаннан кейін, сол себептен басқа мектептерге кетіп жатыр балалар. 9 жылдық болғаннан кейін 9 жылдан кейін қайда береміз баламызды деп.

Жергілікті тұрғындардың мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектеп салынса деген тілегі аяқсыз қалған жоқ. Биыл мамыр айында мемлекеттік бағдарлама бойынша облыстық бюджеттен 1 миллиард 300 миллион тенгеге жуық қаржы бөлініп, 320 орындық оқу ордасының құрылысы басталды.Жоспар бойынша мердігер оны жыл аяғына дейін тапсыруға тиісті болатын. Алайда жер қабатының өзіндік ерекшелігі, топырақтың тым ылғалдылығы бұл мерзімді кешеуілдетуге мәжбүр етіп отыр.

Дархан Әбдіков, мердігер:

- Біз келгенде су тұрған мына жерде. Жер құрғамай бір айдай уақыт жоғалтып алдық. Биылғы жылғы жобамыз бойынша қабырғасын, төбесін, жылуын қосып, отделкасын, оборудованиесімен бітіреміз жаңа жылға дейін. Келесі жылға сыртқа асфальт, брусчатка, спорт алаңы, ағаш егу жұмыстары қалады. Мамыр-маусым айында бітіреміз.

Сонымен жаңа мектеп келер оқу жылы пайдалануға беріледі. Ал бала санын толтыруда еш қиындық жоқ, дейді жергілікті ұстаздар. 

Авторлар: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы