423,83 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Мұғалімдерге 653 млн теңге қайтарылды

  • 1185
  • UPD: 15:01, 28.11.2020

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы №42 мектептің мұғалімдеріне еңбек демалысына шыққанда берілетін ақша толық көлемде төленбей келген.

Жалақы өссе де, ұстаздар 2 жыл бойы өздеріне тиесілі қаржыны тек бұрынғы еңбекақының мөлшерінде ғана алып отырған. Ақыры салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы есесі кеткен педагогтарға жалпы құны 190 млн-дай теңгені өндіріп берді. Қызылорда өңірінде ғана емес, мұндай заңсыздық Батыс Қазақстанда да анықталды.

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы мектепалды даярлық тобының 14 тәрбиешісі ақыларының толық төленбегенін айтып облыстық кәсіподақтан көмек сұрапты. Педагогтарға жалақы аптасына 24 емес, 16-17 сағатпен есептелген. Заңсыздықты білім басқармасы мойындаған.

Гүлжанат Құрманғазиева, облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының заңгері:

– Нәтижесінде Теректі аудандық мектепалды даярлық тобының тәрбиешілеріне 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қайта есептеліп, барлығы 10 738 881 теңге қайтарылды.

Бұл – бір ғана мысал. Ал елде мұндай жағдай көп. Тек жалақы емес, еңбек демалысына шыққанда да ұстаздарға қаражат толық көлемде төлене бермейді.

Айгүл Мұқашева, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы:

– Көптеген жерде жұмыс берушілер педагогтерге сауықтыру жәрдемақысын тек қана бір мөлшерлемеге, яғни 18 сағатқа төлейді екен. Педагогтердің 18 сағаттан басқа да мөлшерлемесі бар ғой. Мысалы, педагог жетіспесе, мектепке немесе балабақшада біздің педагогтар 1,5-2 мөлшерлемеге дейін алады. Ал енді еңбек демалысына келгенде сауықтыру жәрдемақысын тек қана 1 мөлшерлемеге төлейді екен. Ал Еңбек кодексі бойынша толық оқу жүктемесіне төленуі керек.

Тұтас ел бойынша І жартыжылдықта салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы мұғалімдерге 653 млн теңгеден аса қаржы өндіріп берген. Тек алғашқы алты айдың өзінде кәсіподақ өкілдері білім беру саласында 1000-нан аса заңбұзушылықты анықтады.

Айгүл Мұқашева, қазақстандық Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы:

– 1093 заңбұзушылық анықтадық. Осы заңбұзушылықтардың ішінде ең көп орын алатын деректер: ұстаздарға жалақыларын дұрыс есептеп төлемеу, заңсыз жұмыстан шығару. Мұғалімдерді қызметінен заңсыз босатайын деп тұрған біз, кәсіподақ өкілдері, араласып, осындай заңбұзушылыққа жол бермейміз.

Төрайымның сөзіне тұздық. 6 айда 54 педагог жұмыстан заңсыз шығарылған. Бірақ бәрі қызметіне қайтарылды. Ал жұмысынан айырылып қалайын деп тұрған тағы 90-нан аса ұстазға кәсіподақ араша түскен.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Еркебұлан Смадияров

Хабар 24 телеарнасы