420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте республикалық Kitap Fest фестивалі басталды

  • 144
  • UPD: 23:44, 30.11.2020

Шымкенттегі «Көрме» орталығында республикалық Kitap Fest фестивалі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұңғыш Президент күніне арналған іс-шараның өтуіне қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімі ұйытқы болды. Кітап фестивальіне шаһардың зиялы қауым өкілдері, жастар мен оқушылар қатысты. Қалың оқырманның кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері мен кітап дүкендері оқырмандарға жаңа туындыларды ұсынды.

Кітап фестивалінің ашылу салтанатында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан адамның ақыл кені болған кітаптың құндылығына тоқталды. Осы арқылы өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру жайын тілге тиек етті.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Кітап оқуды насихаттау, яғни оқырманның кітап оқуға деген құштарлығын арттыру. Өздеріңіз осы кітаптардың бірін алып, болмаса, үйіңіздегі кітаптың бірін алып келіп, мына тұрған сандыққа салсаңыздар, бұл аз қамтылған және тұрмысы төмен, көп балалы отбасылардың балаларына кітаптарыңыз «Балаларға базарлық» атты акциямен жолданатын болады.

Осы іс-шара барысында «Кемеңгер, Дана Көшбасшы» кітабының таныстырылымы өтті. Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында оқырманға жол тартқан жаңа кітап жайында Елбасының сыныптасы Роза Төлемісова Тұңғыш Президенттің ерен еңбегін дәйекті пікірлермен жеткізді.

Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы, ғылымның қайнар бұлағы. «Күш – білімде, білім – кітапта» деген сөз де текке айтылмаған. Кітап – білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал екенін ұмытпауымыз қажет.

Гүлнәр Жанысбекова, М.Әуезов атындағы «Рухани жаңғыру және Қазақстан халқы Ассамблеясы» оқу орталығының басшысы:

- Бұл фестиваль айрықша дер кезінде мына халықтың жалпы еліміздің кітап оқуға деген санасының төмендеген кезінде жарқ еткен бір аса ірі құбылыстық тарихи факт болып тұр.

Жалпы кітап оқу адамның ой-санасын өсіреді, дүниетанымын кеңейтеді. Ал Шымкентте өтіп жатқан республикалық Kitap Fest кітап фестивалі 5 желтоқсанға дейін жалғасады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы