ШҚО-ның шалғай ауылдарындағы мектептер 3-тоқсанды жаңаша бастауға дайын

Мысалы, Бесқарағай ауданында 9 және 11 сыныптарда білім алатын 141 оқушы дәстүрлі оқу жүйесіне оралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл білім ордаларында санитарлық талаптарды қатаң сақтауға бағытталған арнайы кабинеттер дайындалып, сабақ кестесі құрылды. Мұғалімдер жүктемесі артатын болғандықтан, оларға қосымша ақы төлеу үшін қаржы көздері де есептелді. Жалпы ауданда 21 мектепте 3 мыңнан астам оқушы бар. Осыған дейін олардың тек үштен бірі ғана қашықтан оқып келген. Қалғандарында шәкірт саны 300-ге дейін болғандықтан кезекші сыныптарда білім алыпты.

Әзиза Шобалаева, Борас орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

- Үшінші тоқсаннан бастап біз өз мектебімізге оралатынымызға өте қуаныштымыз. Мектепте оқу біздің болашағымызға өте үлкен әсер етеді. Достарымызбен көрісеміз, ұстаздарымызды сағындық.

Самат Омарғазин, Бесқарағай аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

- 2020-2021-оқу жылына 9 миллион теңгеге дезинфекциялық құралдардың бәрі алынды. Математика, орыс тілі, қазақ тілі, биология, химияның барлығы дәстүрлі түрде өтетін болады. Ал 30 пайызы қашықтан оқитын болады. Дәстүрлі білім алудың жөні бөлек.