Алматыда жоғарғы сынып оқушылары аралас оқыту форматына көшеді

Сайлау күні учаскелік сайлау комиссиясы құрылған мектептердің барлығында дезинфекциялық шаралар жүргізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева онлайн-брифингте хабарлады. Бұл жұмыстар түнде басталған. Себебі үшінші тоқсаннан бастап жоғарғы сынып оқушылары аралас оқыту форматына көшеді. Яғни пәндердің 70 проценті офлайн, ал 30ы онлайн режимінде жүреді. Бірақ сыныптағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Жоғарғы сыныптардың аралас оқыту форматына ауысуы, мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттауға дайындау, ұлттық бірыңғай тестілеу, жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу емтихандарын тапсырумен байланысты дейді мамандар.

Ләззат Жылқыбаева, қалалық білім басқармасының басшысы:

– Алматы қаласының барлық мектебінде санитарлық талаптардың сақталуына барлық жағдай жасалған. Қажетті қосымша қаржы бөлінген. Барлық дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілген. Алматы қаласының сары аймақта болуына байланысты балалар офлайнға көшкен жағдайда да кезекші сыныптарда сабағын жалғастырған жағдайда да міндетті түрде ата-ана тарапынан да баланың санитарлық нормалар мен ережелерді қатаң сақтауын бақылауға алу қажет деп ойлаймыз.