Алматы облысында 300 оқушыға дейінгі мектептер қалыпты жұмысқа көшеді

Ертеңнен бастап Алматы облысындағы 300 балаға дейінгі мектептер дәстүрлі оқыту жүйесіне кезең-кезеңмен көшеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектепке тек бірден бесінші сыныпқа дейінгі және 9 бен 11 сыныптағы оқушылар барады. Санитарлық талапқа сай бір топтағы адам саны 15 тен аспауы тиіс. Бұл туралы сала жауаптылары қатысқан баспасөз мәслихатында айтылды. Мамандардың мәліметінше, осыған дейін өңірдегі 190 шағын білім ордасы қалыпты жағдайда жұмыс істеген. Онда 15 мыңға жуық бала оқыды. Енді тағы 171 мектептің қосылуымен 31 мыңнан аса оқушы мектеп партасына отырады. Білім мекемелерін штатты режимге көшіру аудандағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес жүргізіледі. Мәселен, талдықорғандық оқушылардың біразы осы айдың 21-нен кейін ғана мектепке барады.

Айжан Адамбекова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Осы үшінші тоқсанда кезекші сыныптар 1-4 сыныптарда ғана рұқсат етілген болса, яғни ата аналардың өтініші негізінде, енді бесінші сыныптар да қосылып отыр. Сонымен қатар мектеп бітіретін 9-11 сыныптар дәстүрлі форматта пәндердің 70 процентін оқи алады. 70 проценті мектепте оқытылса, 30 проценті қашықтан оқытылады.

Асхат Шарапиев, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бд басшысының орынбасары:

- Соңғы екі аптада 368 адам. Екі аптаны салыстырсақ, бір деңгейде болып тұр. 0,7 процент. Облыстық көрсеткіштен жоғары аудандар – Талдықорған, Панфилов, Ескелді, Көксу, Талғар аудандары.