419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР БҒМ: Оқу жылы аралас форматта жалғасады

  • 149
  • UPD: 19:15, 12.01.2021

Жалпы кәсіби-техникалық және жоғары білім беру мекемелерінде биылғы оқу жылы аралас форматта жалғасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, елдегі 3 млн 400 мың мектеп оқушысының 58-ден астам проценті, яғни шамамен 2 млн бала қашықтан білім алып жатса, қалған 42 процентке жуығы оқытудың штаттық форматына ауыстырылды.

Бүгінгі күні елде 1-5 сынып оқушыларының 24 проценті кезекші сыныптарға барып жүргені белгілі. Сонымен қатар бала саны 300-ге дейінгі мектептерде оқушылардың 10 проценті дәстүрлі форматта білім алуда. Енді жоғары сынып оқушылары да аралас форматта оқи бастайды. Осыған байланысты әр мекеме өзіне икемді сабақ кестесін жоспарлай алады.

Шолпан Каринова, ҚР білім және ғылым министрінің орынбасары:

– Осы тоқсанның ерекшелігі 9-11 сыныптар жалпы білім беретін мектептерде және халықаралық мектептерде, Назарбаев зияткерлік мектептерінде 10-12 мектеп бітіруші сыныптарда оқыту штаттық форматта жүргізу басталды. Сонымен қатар осы сыныптарда оқыту бойынша пәндердің 70 пайызы штаттық режимде және 30 пайызы қашықтан оқыту форматында жалғастырылатын болады. Әр мектептің өзінде қай пәндерді штаттық форматта және қай пәндерді қашықтық форматта оқыту бойынша жеке дара қабылдануы қарастырылған.

Ал кәсіби техникалық білім беру мекемелерінің жұмысы келесі аптада басталады. Мұнда да 1-ші курс студенттері үшін пәндердің 70 проценті оффлайн және 30 проценті қашықтан беріледі. Қазір колледж бен жатақханаларда санитарлық-эпидемиологиялық дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мирас Дәуленов, білім және ғылым министрінің орынбасары:

– Қазіргі таңда Қазақстанда 128 ЖОО жұмыс істейді. Білім алушылардың контингенті 619 мың 861 адамды құрайды. Ағымдағы жылдың 18-қаңтары мен 15-ақпан аралығында көктемгі семестр басталады. Білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта біз ЖОО-да дәстүрлі оқытуға біртіндеп көшу туралы мәселені пысықтап жатырмыз.

Жоғары оқу орындарындағы 1-курс студенттері де аралас форматта оқи бастайды. Яғни дәрістер онлайн, ал семинарлар, қолданбалы сипаттағы зертханалық және практикалық сабақтар оффлайн форматта жүргізіледі.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы