Маңғыстау облысында 83 мыңға жуық оқушы мектепке оралды

Маңғыстау облысында үшінші тоқсанда 83 мыңға жуық оқушы мектепке қайта оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шалғай өңірдегі сыйымдылығы 300 адамға дейінгі 23 мемлекеттік және 12 жеке мектептің жұмысы штаттық кестеге ауысты. 1-5 сыныптардың балалары ата-ананың өтініші негізінде 15 оқушыдан аспайтын кезекші топтарда оқыса, 9-11 сыныптар өз білімін аралас форматта жалғастырады. Сабақта үнемі бетперде тағып отыру, дәлізде топтасып жүрмеу секілді талаптардың күшейтілгеніне қарамастан, балалар сүйікті мектебіне оралғандарына риза.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Амира Мұратова Ақтаудағы №7 мектеп-лицейдің 4-сыныбында оқиды. Оқу озаты карантин уақытында бір жылға жуық үй жағдайында онлайн форматта білім алды. Көптен көрмеген мектебіне осы дүйсенбіде қайта оралып, ұстазы және сыныптастарымен қайта қауышқанын айтады.

Амира Мұратова, оқушы:

- Мен өте қуаныштымын. Өйткені мен өз апайымды, сыныптастарымды сағындым. Бізге апай сабақ үстінде бетперделеріңді тағып, қолдарыңды үнемі жуып және көпшілік орындарға бармаңдар деп айтады. Біз оның барлығын бұлжытпай орындаймыз.

Нәсіпқали Марабаев атындағы мектеп-лицейде 1700 бала оқиды. 11 қаңтарға дейін тек 1-сыныптардың 683 оқушысы осында келіп оқыды. Қазір 1 мыңнан астам жеткіншек мектепке оралған. Қалғаны қашықтан білім алып жатыр. Санитарлық талаптарға сәйкес мектепке келген әр адамның міндетті түрде дене қызуы өлшенеді. Сабақ арасында және аяқталған соң балалар дәлізде арақашықты сақтап жүріп, сыртқа бірнеше есіктен шығарылады.

Гүлден Иманғалиева, Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейдің директоры:

- Мектепте 5 кіру-шығу есіктері бар. Екеуін біз мүлдем пайдаланбайтын едік. Ара қашықтығын немесе бір-бірімен топтаспау жағдайын қарастыру үшін біз осы өртке қарсы кіру-шығу жолдарын да пайдаланып отырмыз. 9-сынып оқушылары, екіншісімен 11-сынып оқушылары, ал екі қапталдағы есіктермен бастауыш сыныптар оқушылары, негізгі кіріп-шығу есігімен 5-сынып оқушылары кіріп отыр. 

Маңғыстау өңірінде карантин уақытында 8 оқушы коронавирус жұқтырды. Сырқаттан жазылғанға дейін олар үй жағдайында оқыды. Дерттен сауыққан 1-2 сыныптың балалары бүгінде мектепке барып жүр. Санитарлық ережелерге сәйкес әр сабақтан соң сынып ішінде 15-20 минут кварц шамы жағылады. Бұл уақытта оқушылар басқа кабинетке көшіріледі немесе үзіліске далаға шығады. Жалпы аймақта 158 орта білім беру нысаны бар. Ал оқушы саны 160 мыңға жуықтайды.

Клара Құлатаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- 158 мың 678 бала болса, соның 52,2%-і бүгінгі таңда мектептерде оқып жатыр. Қалған 47%-тен астам оқушы бұл қашықтан білім алуда. Барлық мектепте санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған. Балаларды күнделікті қабылдауға алгоритм жасалып, таңертең фильтрден өткізеді. Яғни, балалардың қызуын өлшеу, жай-күйін бағдарлау. Егер симптомдар болса, бірден жергілікті жердегі медицина мекемелерге уақытында хабарлап отырады. Бірақ бүгінгі таңда ондай оқиға тіркелген жоқ.

Жуырда Қазақстанның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулыны бекіткені мәлім. Өзгерістер оқушылар мен студенттерді оқыту формасын да қамтиды. Енді мектеп әкімшілігінің шешімімен оқушыны сабақтан тыс уақытта бес адамнан аспайтын топтарда жеке оқытуға да рұқсат. 9-11 сыныптар аптаның 6 күнінде құрамдастырылған, яғни пәндердің 70%-і штаттық режимде, 30%-і қашықтан оқытуға көшірілді. Сондай-ақ ІІ семестрден бастап I курс студенттері колледждер мен жоғары оқу орындарына барып оқиды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев