Кореялық бойжеткен қазақ-корей сөздігін құрастыру жөнінен көмек сұрап жүр

Оңтүстік Корея азаматы қазақ-корей сөздігін шығару үшін ниеттес адамдар іздейді. Бұл туралы Чой Ён Сонның өзі Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттерімен онлайн-кездесуінде айтты.

Ён Сонның Нұрай деген қазақша есімі бар. 2 жыл бұрын бойжеткен Хангук шет тілдер университетіндегі қазақ бөлімін бітірген. Содан бері ол осы университетте жұмыс істейді. Оқу барысында Чой Сон қазақ тіліндегі кітап таппай қиналған. Сондықтан ол Абай тілін үйренуге ниет танытқандарға көмектесуді көздейді.

Чой Ён Сон, Хангук шет тілдер университетінің қызметкері:

- Қазақша өмірдегі сөйлемдер ғой, сондықтан сондай кітап болса өте тез үйренуге болады. Мамандығы бойынша сөздік, ресми түрде қазақша және кәрісше сөздік болса білім алуға өте жақсы болады деп ойлаймын. Корейше жақсы білетін бірге ынтымақтасуға болатын студенттер және профессорлар көп керек. Және ақпарат нақты болуы керек және қазақ тілі болғандықтан соған байланысты жақсы тексеруге болатын адамдар көп болса жақсы болады деп ойлаймын.