Қаңтардағы ҰБТ-2021: алғашқы күні тестілеуге 16 307 адам қатысты

Қаңтардағы ҰБТ-ның алғашқы күні тестілеуге 16 307 адам қатысты, оның ішінде 12 мыңнан астамы қазақ тілінде, 4 216-сы орыс тілінде тапсырды.

86 талапкер аудиторияға тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқаны үшін ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Сондай-ақ тыйым салынған заттарды қолданғаны және тестілеу ережелерін бұзғаны үшін аудиториядан 27 адам шығарылып, тест нәтижелері жойылған.

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, ҰБТ-ның бірінші күнінің қорытындысы бойынша 205 қатысушы 110-нан астам балл жинады. Карантинге байланысты тестілеу 15 лек бойынша өтетінін айта кеткен жөн. Қаңтар айындағы ҰБТ барысында аудиториялардың сыйымдылығы 20-25%-ке пайдаланылды. Бірінші күні 143 пунктің 114-інде тестілеу өтті. Барлық аудитория бейнебақылау камераларымен жабдықталған, ата-аналар үшін бейнетрансляция қолжетімді.

«ҰБТ-ның барлық қатысушысы дезинфекциялық туннель және арнайы кілемшелер арқылы өтті, дене қызуын өлшетті, қолдарын санитайзермен залалсыздандырды және ұсынылған медициналық маскаларды пайдаланды, яғни қатысушылар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес дезинфекциядан өтті.

Тест тапсырушыларды аудиторияларға кіргізу және отырғызу кезінде кемінде 2 метр арақашықтық сақталып жатыр. Әр аудитория желдетіліп, бактерицидтік жабдықтармен өңделген. Санитарлық талаптардың барлығы қатаң бақылауға алынған», – делінген министрлік таратқан мәліметте.

Қаңтар айындағы ҰБТ сертификаттары жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін жарамды. Талапкерлер бір жылда тестілеуді 4 рет тапсыра алады. Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміз бойынша кеше, 20 қаңтар күні басталды және 5 ақпанға дейін жалғасады.