Қазақстандық ғалым коронавирусты жеті минутта анықтайтын тест ойлап тапты

Қазақстандық ғалым небәрі 7 минутта коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның көмегімен кез келген адам үйде отырып-ақ өздерін тексере алады. Сонда қалай дейсіз бе? Оны генетиктің өзі айтып берді.

Болат Сұлтанқұлов жаздан бері зертханада жұмыс істеп жатыр. Індет алқымнан алғанда отандастарыма қалай көмектесем деп бас қатырған. Сөйтіп, коронавирусты жылдам анықтайтын тест жасауға бекініпті.   

Болат Сұлтанқұлов, генетик:

Наноденелер дейтін болады. Міне, соны қолдандым. Оны акуладан немесе түйеден ғана алады. Қазақстанда оны өндірмейді. Сондықтан зерттеу жасау үшін наноденелерді Швейцариядан алдыруға тура келді.

Болат айтқан наноденелер антидене іспеттес. Көлемі әлдеқайда кіші. Ағзаға тез сіңеді. Әсері де жылдам білінеді. Біздің ғалым соны негізге алып, жарты қарыстай ғана болатын тест таяқшаларын дайындап шығарған. Ол үшін алты ай уақытын сарп еткенін айтады.    

Болат Сұлтанқұлов, генетик:

Наноденелер деген мына зат. Алтынның ұсақ бөлшектерімен араласқан. Оны синтездеп, тест таяқшаларын жасап шығардым. Оған адамның сілекейін жағып, вирустың бар-жоғын оп-оңай анықтауға болады.

Небәрі 7 минутта анықтайсыз. Ал ПТР-тесттің нәтижесін бір күн күту керек. Кейбір өңірде тіпті екі тәулік күтетіндер бар. Ал мынау рақат. Әп-сәтте дайын болады.

Болат Сұлтанқұлов, генетик:

– Құдай бетін ары қылсын, бірақ індет тағы өршитін болса ПТР-тест жасататындар тым көп болады. Оның нәтижесін ұзақ күтуге тура келеді. Ал мынау дереу дайындап береді. Әзірге сатылымға шықпады. Зертханалық тексерісті жаңа біттім. Енді клиникалық зерттеу жасау керек.

Тиімді болатыны – тестті үйде отырап-ақ жасай бересің. Сосын 85 процентке дейін дәл көрсетеді.

Болат Сұлтанқұлов, генетик:

Бұл жобаны жасау үшін маған көп адам көмектесті. Жас ғалымдар альянсы қолдады. Назарбаев университетінің әлеуметтік қоры грант бөлді. Ал биотехнология орталығы осы зертханада жұмыс істеуіме мүмкіндік берді. Жұмылып жүріп осындай жаңалық ойлап таптық.

Жаңалық дейтін жөні бар. Әлемде тап осындай тест жүйесін әзірлеген әзірге ешкім жоқ. Бәрі сәтті болса, бұл тестті сіз де осы көктемде қолданып көре аласыз.

Авторлар: Дастан Сейілханұлы, Марат Диханбаев