Сапасыз оқулық мәселесі қашан шешімін таппақ

Қоғамда сартап болған бір мәселе болса, ол сапасыз оқулық жайы. Жылдар бойы айтылып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ оңалатын түрі көрінбейді. Оқулық осал болса, балаға білмедің деудің өзі қаншалықты орынды?

Мәлика Нұралықызы бар ғұмырын бала оқытуға арнады. Жасы жетпіске жетсе де ұстаздық жолын әлі үзген жоқ. 46 жыл өтілі бар педагог бүгінде қос немересінің сабағына қарайласып жүр. Бүлдіршіндердің ынтасы жақсы. Десе де кейбір пәннен қиналады. Мұндайда Мәлика әжей көмекке келеді.  

Мәлика Нұралықызы, ардагер ұстаз:

– Сауат ашудан Ә деген дыбысты үйреніп жатыр. Бірақ мында үлкен мәтіндер бар. Мысалы тәулік дейді. Оны бала түгілі ересектер түсінбейді. Мұнда сөзжұмбақ жүр. Бала сөзжұмбақты қалай шешеді, 42 әріпті түгел біліп алмай. Балалар соншалықты жетіліп кетпеген шығар. Баланың жасына сай жасау керек оқулықты.

Бірақ Мәлика секілді әже әр үйде жоқ. Бала бар қиындықпен бетпе-бет қалады. Өресі жеткені ұғады әрине. Әсіресе, қазір тіптен қиын. Карантин деп оқушы біткенді үйге қамап қойдық. Сондықтан кейуананың кейитіндей жөні бар. Бала жанын бағбандай күткен ұстаз мына жайтқа да алаңдайды.

Мәлика Нұралықызы, ардагер ұстаз:

– Әр баспадан шыққан кітаптың ішіндегі тақырыптар әртүрлі. Мысалы «Мектеп» баспасынан шыққандар буын және оның түрлерін өтіп жатса, дәл сол 5 сыныпта басқа тақырып өтіледі. Неге Қазақстан бойынша бір сыныпта бір тақырыпты өтпейді ары қарай? Сондықтан мен баспаны мұқият тексеруді қолға алса деймін, оқулық тіпті бір-ақ баспадан шықса.

Сапасыз оқулық жайын айта-айта ата-аналардың жағы талды. Тек бастауыш қана емес, жоғары сыныпқа арналғандарында да өрескел қателер өріп жүр дейді. Ал салғырттықтың салмағы сайып келгенде мұғалімдерге түседі. Ғибрат Ғазизовтің ұстаздық еткеніне көп бола қойған жоқ. Десе де жас маман «кітаптағы кем-кетікті түзеуден мезі болдым» дейді.

Ғибрат Ғазизов, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:

– 9 сыныптың оқулығында Жүсіпбек Аймауытовтың туған жылы 1895 деп кеткен. Ең қызығы әдебиет сабағында Жүсіпбек Аймауытов арнайы тақырып ретінде өтіледі. Сонда біз оның туған жылын 89 деп оқытамыз. Ал тарих оқулығында 95 деп тұр. Ертең сол сұрақ ҰБТ-да келсе, туған жылына байланысты қателесуі мүмкін.

Тарихи тұлғалардың туған жылына қатысты ала-құлалық көп. Суреттерін шатастыру да жиі кездеседі. Мәселен, Жүсіп Баласағұнның бейнесі тарих пен әдебиет оқулығында екі түрлі берілген. Өкініштісі сол, мұндай мысал іздей берсең, шыға береді.

Ержан Шағимолдин, тарихшы:

– Қателіктер неден туындайды. Бұл жерде мына білім және ғылым министрлігінен түскен тапсырыстан бастап кітап оқушының алдына түскенге дейін жазылу процессінде бәсекелестіктің қалыптаспауы жатқан сияқты. Тапсырыс түседі, баспа бірден авторды өзі анықтайды. Ақысы бірден 100 процент төленіп, ал ертең қателіктер болса, жауапкершілік мәселесі қарастырылмаған.

Жауапкершілікті күшейту мәселесін Мемлекет басшысы да айтқан. Тек бұқара ғана емес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың да кейін шыққан оқулықтарға көңілі толмайды. Күні кеше Үкімет отырысында тарих оқулығын жазғандарға тағы шүйлікті.

Жалпы, бұл қасақана жасалған қиянат па, әлде халықты сауатсыз етудің сауатты жолы ма? Ол жағын аңғармадық. Ал Мәлика әжей «баланың ақылын айран қылғандар ендігіде жазасыз жүрмесе екен» дейді.

Авторлар: Назерке Тоқжан, Марат Диханбаев