Ақтөбе облысындағы Аманкелді ауылының мектебі жабылып қалуы мүмкін

Ақтөбе облысындағы Аманкелді ауылының тұрғындары жергілікті мектептің тағдырына алаңдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар оқушының аздығынан елді мекендегі білім ордасы жабылып қала ма деп қорқады. Себебі, биылғы оқу жылында да қажетті бала саны жиналмаған. Мәселені қайтіп шешуге болады?

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл – 10 жасар Аңсар Саныбайдың тілегі. Үшінші сыныпта екі-ақ бала болғандықтан, кейбір пәндерді өзге топпен бірге оқиды. Басқа амал жоқ. Өйткені мектептегі 30 оқушыны жас ерекшелігіне орай әр сыныпқа бөлсе, бірінде бір, ал кейбірінде 3-4 баладан болмақ. Сондықтан шағын жинақты мектептің талабына сәйкес, ұқсас сабақтар екі сыныпқа бір өткізіледі.

Балдырған Нұрмұханова, Аманкелді негізгі мектебінің директоры:

- Бізде бірінші сыныпта бір бала, үшінші класта 2 бала, бесінші сыныпта бір бала, жетінші сыныпта 1 бала. Кем дегенде осы сыныптарда үш немесе бес балаға жету керек. Сонда біз шамалы болса да көтерілеміз. Бірақ мектеп бойынша бізде бала саны, әрине, 41 болуы керек. Негізгі мектептің талабы сол.

Ауылда оқушы санының аздығы соңғы төрт жылдан бері жойылмай келеді. Мұғалімдердің айтуынша, елді мекенде туу көрсеткіші аз және көп балалы отбасы өте сирек. Бұл жәйттердің барлығы баласы мектепке барып жүрген тұрғындарды алаңдата бастаған. Олар білім ұясы жабылса, онда ондаған шақырым жердегі аудан орталығына тасымалдауға мәжбүр болатындарын айтады.

Блиц 1:

- Осы ауылдың тағдырының бәрі осы мектепке тіреліп тұр ғой бізде. Ауыл тұру үшін де мектеп жақсы. Осы жерде азғантай балаларымыз оқып жатыр. Дегенмен де, басқалардың барлығы енді қалаға барғысы келмейді.

Блиц 2:

- Қанша адам мектепте жұмыс істеп отыр. Бала-шағамызды оқытып отырмыз. Ауылымыздың болашағы бар. Ауылда жұмыс көздері бар, мал ұстап отыр. Жеке шаруашылықтар бар.

Ауылдықтар бұл мәселені шешу үшін осында қоныс аударуға келісетін отбасыларды іздеуге кіріскен. Мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желі арқылы хабарландыру беріліп жатыр. Әрі 34 үйі бар елді мекеннің өзгелермен салыстырғанда жағдайы тәуір. Ауыз су мен жарық үздіксіз келіп тұр. Бұл іске мал және егін шаруашылығымен айнылысатын ірі кәсіпкерлер де атсалысуда. Биыл көшіп келетін жанұялардың да жағдайын жасауға дайын.

Самат Қалдығұлов, кәсіпкер:

- Өткен жылы үш отбасы көшіп келді. Біз үлкен үміттеміз, әлі біздің елімізге, ауылымызға бала-шағасымен адамдар келеді деп. Өйткені біз жалақысын беретін жұмыс береміз. Екіншіден, үймен қамтамасыз етеміз. Бес жылға дейін тұрса, жұмыс жасаса, бес жылдан кейін үй автоматты түрде жеке болып кетеді. Сондай бір жағдай жасап жатырмыз қазіргі таңға.

Аманкелді ауылындағы мектептің мәселесі аудан басшылығын да ойландырады. Бірақ жабу туралы шешім мен жоспардың жоқ екенін айтты. Қайта керісінше, жергілікті халық санын көбейтіп, сәйкесінше, мектепке баратын бала қатарын да өсіру қолға алынбақшы.

Жанар Өтепбергенова, Алға аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Жалпы Алға ауданы бойынша мұндай нормативтік жүйеге сәйкес келмейтін бес елді мекенде бес мектеп бар. Жаз уақыты жақындай бастаған кезде біздерде елдің бәріне хабарландыру жүргізіліп, негізі оқушыларды , басқа тұрғындарды сол ауылға тарту мақсатында жұмыстар жүргізіліп отырады.

Аудан әкімдігі өкілдерінің айтынша, бұл мәселелер қазір күн тәртібінде тұр. Сондықтан шешу жолдарына да басымдық берілмек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев