ЕЭО аясында білім беру саласын қамтитын бірыңғай ақпараттық портал құрылуы мүмкін

Қазақстан 2021 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында Премьер-министр Асқар Мамин еліміздің төрағалық ету жылындағы Президент бекіткен негізгі басымдықтарды атап өтті. Олар Еуразиялық экономикалық одақтың 6 жылдық тәжірибесін, жаңа экономикалық жағдайда өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді ескере отырып әзірленген. Қазақстанның бастамаларын іске асыру бойынша 15 негізгі міндет және 84 іс-шара бекітілді.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Қазіргі дағдарыс аясында қалыптасқан және күшейтілген трендтер қысқа мерзімді болып табылмайды. Олар жаһандық нарықтарда көптеген жылдарға алдын ала жағдай тудырып, жаңа экономикалық шынайылық негізінің бір бөлігіне айналады.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында білім беру саласын қамтитын бірыңғай ақпараттық портал құрылуы мүмкін. Бұл туралы кеңес отырысында Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин мәлімдеді. Кәсіби біліктілік пен ғылыми дәрежелердің бүкіл одаққа танылуын қамтамасыз ету қажет деді Михаил Мишустин.

Михаил Мишустин, РФ үкімет басшысы:

– Білім саласында бірыңғай ақпараттық портал құрылуы тиіс. Бүгін біз қазақстандық серіктестердің үздік жобаларын көрдік. Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби біліктіліктің, сондай-ақ ғылыми дәрежелер мен атақтардың танылуын қамтамасыз ету қажет.