Жансейіт Түймебаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры болып тағайындалды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры болып Жансейіт Түймебаев тағайындалды.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, 2021 жылғы 5 ақпан күні «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Директорлар кеңесі Басқарма төрағасы – ректор лауазымына үміткер болған кандидатураларды қарастырды.

Аталған лауазымға үміткерлер ЖОО дамыту бағдарламаларын дайындап, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшелеріне таныстырды. Нәтижесінде конкурсқа қатысқан бірнеше үміткердің ішінен Жанар Амангелдіқызы Темірбекова мен Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың кандидатурасы Республикалық комиссияның қарауына ұсынылды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық өткен Республикалық комиссия Директорлар Кеңесі ұсынған кандидаттармен әңгімелесу өткізіп, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы – ректоры лауазымына Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты таңдады.