Орыс мектептерде қазақ тілін оқыту сапасы сынға ұшырады

Елімізде орыс мектептерінде қазақ тілі 1958 жылдан бастап оқытылады. Алайда сол орыс мектебінің түлектері арасында мемлекеттік тілді жетік меңгергендері аз.

Мамандар тіл оқыту әдістемесінің сапасына сын айтады. Жыл сайын жаңа оқулықтар жарық көріп, қыруар қаржы бөлінсе де қазақ тілін үйрету әдістері дамымай отыр. Мәжілістің жалпы отырысында депутат  Наталья Дементьева осы мәселені көтеріп, білім және ғылым министрлігіне депутаттық сауал жолдады.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біріншіден, оқушылардың қазақша еркін сөйлеп, қазақ тілінде өз ойын еркін жеткізе алуы үшін мұғалімдер тарапынан сөйлеу тапсырмаларын сабақ үдерісінде жиі қолдану, оқушының ауызекі сөйлеуіне басымдық беру, осыған қол жеткізуге мүмкіндік жасайтын әдіс-тәсілдерді әзірлеу. Екіншіден, қазақ тілі оқулығындағы айту, оқу, жазу, тыңдау тапсырмаларының тақырыптарға сай келуін бір жолға қою.