Кешегі күнгі бортсерік мектепте ағылшын тілінен ұстаздық етіп жүр

Кешегі бортсерік – бүгінгі ұстаз. 13 жыл әуеде бортсерік болып қызмет еткен Рустам Тілеужанұлы қазір Алматы облысы Іле ауданына қарасты Әли ауылындағы мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Оқушылардың жан-жақты болуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген қатардағы ұстаз шәкірттерін сахна өнеріне де баулуда. Жас өнерпаздар қазір халықаралық конкурсқа дайындық үстінде. 

Рустам Тілеужанұлының еңбек жолын естігендер таңқалатыны анық. Әлем тілдері университетін ағылшын тілінің маманы болып бітірген ол, екі жыл ұстаздық етеді. Артынша тағдыры мүлде басқа бағытқа бұрылып, әуе компаниясына бортсерік болып орналасады. 13 жыл әуеде жолаушыларға қызмет еткен ол, араға жылдар салып сүйікті мамандығына қайта оралады.

Рустам Тілеужанұлы, ұстаз:

- Негізі авиациядан кету оңай болған жоқ. Осы жуырда ғана құжаттарымды алуға рұқсатым бар авиациядан. Олар да жібермейді. Мектепке келгенімнің бір мақсаты Қазақстан азаматының бір борышы шығар. Шетелден оқыған біліміміз бен дәрістеріміз бар. Сол біліммен ауылдағы балалармен бөліссек. Ол балапандар оқығанның  мақсатын түсінсе. Сол шығар қызықтыратын.

Бортсеріктен ұстаздыққа бейімделген Рустамның режиссерлік қыры да бар. Ол сабақтан тыс уақытта шәкірттерінің шығармашылығын шыңдауға барын салып жүр.

Жақында ғана Ләйлә Исабекова атындағы шығармашылық топпен бірлесіп, жазушы Дина Әбілованың «Тамшысу» әңгімесін сахналапты.

Жаңашыл мұғалімнің айтуынша, драмалық қойылымның балалар үшін қиын болғаны рас, алайда кішкентай өнерпаздар барын салды.

Рустам Тілеужанұлы, ұстаз:

- Негізі бұл автордың еңбегі орыс тілінде. Оны біздің оқушылар қазақ тіліне өздері аударды. Қазақ мәдениетіне басқа ұлт өкілдері, басқа елдің азаматтары танысуға мүмкіндік беретіндей етіп, балалар ағылшын тілінде субтитрларды жазып берген.

Бұған дейін өзім барлығын басынан аяғына дейін дайындап беретін болсам, осы жолы балалар өздері режиссурамен айналысты. Музыкалық композицияларды дайындауға, барлығына өздері қатысты.

Жанель Талғатқызы, оқушы:

- Енді бұл театр үйірмесінде мен көптеген нәрселерді үйрендім. Әрине мұның барлығы оңай келген жоқ. Барлығы ағайымыздың арқасы. Мен ағайымызға көптеген рахмет айтқым келеді.

Қойылымның әлеуметтік желіге жүктелген телевизиялық нұсқасына отандық сахна шеберлері мен шетелдік көрермендер жылы пікір қалдырған. Қазір жас өнерпаздар халықаралық конкурсқа дайындық үстінде.

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев