419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбелік ғалымдар көз линзасын ауыстыратын материал жасап шығармақ

  • 135
  • UPD: 10:43, 15.02.2021

Ақтөбелік университет оқытушысы Нұрия Айкенова өндірістік ағынды суларды тазартудың жаңа технологиясын ойлап тапты. Табиғатқа төнетін қауіпті мейлінше азайтуға бағытталған ғалымның еңбегі ғылыми ортада зор қызығушылық туғызып отыр. Зертханада сәтті өткен жоба алдағы уақытта кәсіпорындарда тәжірибеден өтпек. Бұдан өзге тағы бір оқытушылар тобы тың жұмысты қол алған.

Нұрия Айкенова бұл ғылыми жұмысын алғаш рет осыдан үш жыл бұрын қолға алған. Қаладағы жылу электр орталығының қазандығында қатқан қақты зертханаға жеткізіп, алдымен физикалық және химиялық көрсеткіштерін анықтапты. Кейін құрамын зерттеп, органикалық ластағыштарды сіңіру қабілетін байқаған. Нәтижесінде суды құрамындағы зиянды және мұнай қалдықтарынан тазартатын сүзгі түзілген. Өзінің айтуынша, өндірісте қолданылған ағынды суды осы технолгияның көмегімен 90 процентке дейін тазартуға болады.

Нұрия Айкенова, Химия және химиялық технология кафедрасының оқытушысы:

- Осы фильтрде жұмыс жасап болған шламды әрі қарай отын ретінде пештерде қолдануға болатын қорытындыға келдік. Бүны жағып болғаннан кейін құрамын қарап, экологияға әсерін есептеп болдық. Сол есептегенде экологияға айтарлықтай әсері жоқ.

Ақтөбе мен Ресейдің Қазан қаласында білім алған ғалымның еңбегі келешекте өндірістік орындарда қолданылуы мүмкін. Ал Нұриямен бірге қызмет ететін тағы бір зерттеушілер тобы бүгінде көз ауруын емдеудің тиімді әдісін табуды қолға алған. Атап айтқанда, линзаға ұқсас өте жұқа қабық жасап шығармақ. 

Гузель Абилова, жаратылыстану факультетінің кафедра оқытушысы:

- Жұқа пленка полимерден жасалады. Денсаулыққа ешқандай зиянды әсері болмайды. Керісінше, оған кез-келген тамшы, май секілді дәріні белгіленген нақты көлемде салуға болады. Кейін бәрі еріп, ем тиімді жүрмек. Қазір зерттеу жұмысымыз бірнеше кезең бойынша өтіп жатыр.

Ғылыми жұмыстармен айналысатын оқытушылардың қатары Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетте соңғы жылдары арта түскен. Тек былтырдың өзінде 14 зерттеу ісіне 80 млн теңге бөлініп, үздіктері бірқатар басылымда жарияланды. Сондай-ақ түрлі сала бойынша шетелдік әріптестермен байланысты арттырған магистранттар мен докторлар да бар.

Людмила Мясникова, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ департамент директоры:

- 2020 жылы 10 грантты жобаның жұмысы атқарылды. Биылдың өзінде екеуін ұтып алдық. Ғылыммен айналысатын ұстаздарға жоғарғы оқу орны зор көңіл бөледі. Бұл тұрғыдағы іс жалғаса береді.

Бүгінде бірқатар ғылыми жұмысты тәжірибе жүзінде іске асыру көзделіп отыр.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы