Қостанай мектептерінде ыстық тамақ қымбаттайды

Қостанай мектептерінде ыстық тамақ отыз процентке қымбаттайды. Асханалардағы жаңа баға төртінші тоқсаннан бастап енгізіледі. Қалалық білім бөлімі бағаны бұрынғы қалпында ұстап тұруға дәрменсіз. Себебі инфляция өсіп, азық-түлік шарықтап барады. Жылға жуық жабық тұрған тамақтану орындары осы аптада жұмысын қайта бастады.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталысымен мектеп асханаларының есігі айқара ашылды. Мұнда санитарлық талаптар басты назарда. Балалар тамақтанбас бұрын алдымен қолдарын жуып, медициналық сұйықтықпен өңдейді.

Мария Годова, гимназия мектебі директорының орынбасары:

- Асханада әлеуметтік арақашықтықты ұстануды ескертетін арнайы белгілер сызылған. Үстел басына қалай отыру және тамаққа тапсырыс жасау  ережелері көрсетілген. Қажет болса өзіміз де қадағалап, балаларға ауызша кеңес береміз. 

Кезекші сыныптардың оқушылары мектеп ішінде өзара араласпайды. Тамақтану кестесі әрқайсысына бөлек әзірленген. Сәйкесінше ұзын сонар кезекті байқамайсыз. Балалар дайын дастарқанға жайғасып отыра қалады.    

Людмила Хворик, асхана меңгерушісі:

- Балалар тағамға тапсырысты өздері жасайды. Біздің міндет дастарқан жайып қою. Бәрі сынып бойынша отырады. Бір есіктен кіріп, екіншісінен шығады. 

Мектеп асханасының мәзірі әртүрлі. Пайдалы сүтті ботқа, сорпа, тағысын тағы. Ал екіншіге күріш, картоп. Оқушылар үшін кешенді түскі астың құны әзірге 257 теңге. Сәуір айында бағасы отыз процентке қымбаттайды. 

Татьяна Степанова, қалалық білім бөлімінің сектор басшысы:

- Түскі астың бағасы көптені бері қымбаттаған жоқ. Есесіне азық-түліктің құны күннен күнге шарықтап барады. Амалсыздан осындай шешімге келдік. Ата-аналарды да алдын ала ескерттік.

Дәл осындай себеппен балабақшалардағы тамақтың құны өседі. Дегенмен, бағадағы ауытқушылық ауыл-аймақтарға айтарлықтай әсерін тигізбейді. Себебі бірқатар кәсіпкер балалардың ыстық тағамға жұмсайтын шығынын өз мойнына алған.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров