Қазақстандық өнертапқыш Илон Маск байқауында финалға өтті

Қазақстандық өнертапқыш әйгілі Илон Масктің байқауында финалға шықты. 390 команда қатысқан технология бәсекесінде Санжар Тайжан есімді жерлесіміз өз ұжымымен шешуші сынға жолдама алды. Қазақстандықтар Hyperloop жобасына 3 жылдан астам уақыт қатысып келеді.

Әлемнің өнертапқыштары Илон Маск байқауында бақ сынап жатыр. Үздік 12 команда қатарына кірген жас ғалымдар арасында отандасымыз Санжар Тайжан да бар. Ол инженер-механик студенттерді жинап, транспорттық капсуланың 3Д прототипін әзірлеген. 

Биыл жазда АҚШ-та өтетін The Boring Company-де өз технологиясын сынап көреді.

Санжар Тайжан, өнертапқыш:

- Соңғы 3 жылда осы бағытта жұмыс істедім. Біздің команда жаңа технологияларды енгізді. Арнайы құбырмен жолаушы мен жүкті қауіпсіз жеткізуге қабілетті 2 капсула жасадық. Менің 2 командам да Илон Масктің компаниясымен жұмыс істейді. Яғни «Хайперлуп» пен электромобиль бағытында. Жазда шешуші кезең. Сол кезде прототипті көрсетіп, туннель саламыз. Жылдам жасаған топ жеңімпаз болады.

«Хайперлуп» жобасын Қазақстанда да жүзеге асыруға болады.

«Мәселен, Қытай, Еуропа елдерінен жылдамдығы өте жоғары капсуламен жолаушылар мен жүк тасымалдауға болар еді», - дейді жас ғалым.

Дарынды өнертапқыш бірнеше жобасын жүзеге асыруға ниетті. 

Қазір ол бензинмен жүретін автомобильдерді қайта жаңғыртып, батареямен қозғалатын электр көліктерін құрастырды. Санжардың мақсаты қазақстандық алғашқы электромобиль жасау.

Санжар Тайжан, өнертапқыш:

- «Хайперлупті» Қазақстанда да іске асыруға болады. Ол үшін барлық жағдай қарастырылу қажет. Мен Илон Масктің байқауына қатысып, тәжірибе жинағым келеді. Сондай-ақ Ерлан Рахматуллаев, Ырысты Байқожинов, Ғани Бейсековпен құрастырған электр көлігімізді іске қосуды жоспарлап отырмын. Жақында дизайны мүлдем жаңа 30 прототип әзірлеп, модельге 200-ден астам патент алып, бірнеше айдан кейін іске қосамыз. Біз инвесторлармен бірігіп, Англияда «Хайперлуп» көлігін жасаймыз.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Жуырда Англияда жоғары жылдамдықпен жүретін хайперлуп транспорты іске қосылмақ. онымен бір қаладан екіншісіне 10-30 минутта жетуге болады. Hyperloop-тың бір милясына 50-60 миллион фунт стерлинг қаражат бөлінеді. Әрине болашақта біздің елде де осындай заманауи көліктер пайда болады деп сенеміз. Бірақ алдымен елордалықтар күтіп жүрген мынадай жерүсті метросын іске қосып алу керек шығар.

Наргиз Бекмағанбетова , Диас Ковланбаев, Наурыз Базаров