Қазақстанда инклюзивті білім беретін орталықтар тапшы

Елімізде инклюзивті білім беру жүйесі 9-сыныпқа дейін ғана қарастырылған. Осыған байланысты көптеген қазақстандықтар баласын әрі қарай қалай дамытатынын біле алмай, дал болып жүр. Сондай-ақ ата-аналар елімізде ерекше қажеттілігі бар оқушыға арналған орталықтар мен ұйымдардың жетпейтінін айтады.

Ғылымда аутизмге шалдыққан баланың музыка мен математикаға бейім келетіні көп айтылады. 16 жастағы Әмірге қарап, бұл тұжырымның рас екеніне көз жеткізесіз. Оның сүйікті пәні – көп оқушы қызыға бермейтін алгебра. Ал бос уақытында музыка тыңдағанды жақсы көреді. Сүйікті әуенін сұрағанымызда Ғалымжан Молданазардың «Ойлай берме» атты әнін айтып берді.             

Әмір мектеп табалдырығын 8 жасында аттаған. Құрдастарымен қатар білім алуға дайын болмағандықтан ата-анасы оқуға бір жыл кеш берген. Бірінші сыныпта Әмірдің анасы Әлия мектепке бірге барып, ерекше қажеттілігі бар оқушының оқу процесіне араласуына өзі көмектесіпті.               

Әлия Әбдібайытова, Әмірдің анасы:

- Тоғыз жыл бұрын елімізде инклюзияға қатысты нақты бір жүйе болған жоқ. Сондықтан маған сабаққа қатысуға рұқсат берілді. Менің мақсатым Әмірдің басқа балаларға кедергі келтірмеуін қадағалау. Сондай-ақ оқу бағдарламасын там-тұмдап болсын, меңгере берсін дедім. Екінші сыныпты астанамызда оқыды. Онда маған сабаққа қатысуға рұқсат берілмегендіктен тьютор жалдауға тура келді. 

Көп ұзамай Әмірдің мектебі инклюзивті білім беруді дамыту жобасын жүзеге асыра бастады. Оған сай өзгешелігі бар оқушыны оқыту мәселесі бір жүйеге түсіп, әр балаға жеке оқу жоспары әзірленді. Әмір бұл жүйе бойынша сегіз жыл оқыды. Кей пәндерді сыныппен, енді бірін жеке меңгерді. Биыл ол тоғызыншы сыныпты тәмамдайды. Осы тұста оның анасын алаңдатқан тағы бір мәселе пайда болды.    

Әлия Әбдібайытова, Әмірдің анасы:

- Қазір елімізде инклюзивті білім беру жүйесі 9-сыныпқа дейін ғана қарастырылған. 10-шы және 11-шы сыныптар бұл жүйеге енбейді. Менің ойымша, аутизмге шалдыққан балалар колледжге немесе басқа да оқу орындарына психологиялық тұрғыда дайын емес. Құрбы-құрдастары олардан көш ілгері. Сондықтан мектептегі қалған екі жыл оларға ауадай қажет. Мәселен, АҚШ-та бұл балалар 21- жасқа дейін мектепте болады.

Әлияның сөзінше, елімізде ерекше балаларға мектепте 11-сыныпқа дейін оқуға мүмкіндік берілуі тиіс. Жалпы бұл оның ғана емес, өзге де мыңдаған ата-ананың көкейіндегі мәселе. Сондықтан оны реттеуге мемлекет те мүдделі. Жуырда білім берудің бұл бағыты Парламент Мәжілісінде талқыланды.  

Динара Закиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  

- Өткен аптада Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы 5 жылға арналған Жол картасын талқылады. Оған сай ерекше балалардың білім алуына жағдай жасау қарастырылған. Жыл сайын орындалуы тиіс көрсеткіштер белгіленді. Үкімет әр көрсеткіштің бюджетін есептеді. Мәселен, 2022 жылы мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелеренің 45 процентінде және жоғарғы оқу орындарының 50 процентінде инклюзивті білім беруге жағдай жасалады. Бұл барлық санаттағы баланы қамту үшін жасалап отыр.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Төменгі палатада инклюзивті білім беру мәселелерімен айналысатын жұмыс тобы бар. Қазір оның құрамына кіретін депутаттар заңға өзгеріс енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Егер бұл нормалар мен толықтырулар күшіне енетін болса 2025 жылы еліміздегі барлық ЖОО-да және мектептердің 70 процентінде ерекше қажеттілігі бар балалар емін-еркін білім алады. 

Ал оған дейін бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, ерекше балалардың ата-аналары арнайы орталықтар мен ұйымдарды көптеп ашу керек дегенді жиі айтады. Бұл мәселені Білім және ғылым министрлігі биылғы жұмыс жоспарына қосыпты.  

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Ерекше балаларға арналған ұйымдардың ашылу нормативі 50 мың балаға 1 психологиялық-медициналық педагогикалық консультация есебінен өзгерту жоспарланады. Сондықтан қосымша 46 ПМПК және 25 түзету кабинетін құру қажет. Бұл ерекше балалар үшін ауадай қажет шара.

Министрдің айтуынша, бұл ұйымдар дәл қазір Түркістан, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласына қажет. Жалпы соңғы жылдары еліміздегі инклюзивті қоғамды дамыту ісіне мемлекеттен бөлек үкіметтік емес ұйымдар мен қайырымдылық қорлары да жиі араласа бастады. Тіпті жекелеген азаматтар да үн қосып жүр. Солардың бірі Шалқар Қуанышбаев. Шымкенттік мотиватор өзінің тағдырын негізге ала отырып, әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қиын жағдайға тап болғандарды жігерлендіріп жүр.                   

Шалқар Қуанышбаев, мотиватор:   

- Әзірге парақшамды дамытқым келеді. Қазір 1500 адам болса, одан да көп адамның мені көріп, менен мотивация алғанын қалаймын. Болашақта өзім сияқты мүгедек жандарға сәл де болса көмектескім келеді. Әлеуметтік бизнес ашып, жұмысқа орналастырып, сол жағынан көмектескім келеді. 

Шалқар мектепті 2010 жылы тәмамдаған. Сүлеймен Демирел және Назарбаев университеттерінің грантына ие болған. Алайда дәл сол жылы қайғылы оқиғаға душар болып, мойын омыртқасы зақымданған. Арбаға таңылып, бірнеше жыл күйзеліске ұшырады. Дегенмен, мойымай, өмірге деген құлшынысы жеңіп шықты. Қазіргі қызметі копирайтер. Болашақта әлемге әйгілі мотиватор болсам дейді.            

Шалқар Қуанышбаев, мотиватор:

- Сахнада сөз сөйлеп, адамдарды жігерлендіріп жүрсем. Тек ғана сахнада ғана емес, іс-әрекетіммен өзгелерге үлгі-өнеге болуым керек. Менің мақсатым, арманым, өмірлік миссиям сол сияқты.  

Қазір «қоғам ерекше балаларды толық қабылдауға дайын емес» деген сыңайдағы пікірді жиі естиміз. Алайда бүгінгі кейіпкерлерімізге қарап, бұл сөздің ерте ме, кеш пе ұмытылатынын түсінеміз.

Авторлар: Нұршапағат Несіпбаев