Дәстүрлі форматпен оқытуға көшкен мектепте ортақ үзіліске қоңырау соғылмайды

Бүгін 1 және 5-сынып оқушылары мектепте оқуды бастады. Ұзақ үзілістен кейін мектеп партасына отыру оқушылар мен ұстаздар үшін қуанышты жағдай екені рас. Бұл жолы оқу ордасына бару-бармауға ата-аналар таңдау жасай алмайды. Барлық оқушы мектепте оқуға міндеттеледі. Тек санитарлық ережені қатаң сақтау керек.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты жалпы білім беретін мектептердің 1-5 және халықаралық мектептердің 1-7 сынып білім алушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді. Бүгін оқу ордалары білім алушылар үшін есіктерін айқара ашты. Әрине санитарлық нормаларды сақтау маңызды. Мектепке кіреберісті оқушылардың дене қызуы өлшенеді. Сынып ішінде оқушылар міндетті түрде маскамен отыру керек.

Сапура Төлекова, Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің директоры:

- Бір сыныпта 15 баладан ғана отырады. Яғни бір класс екіге бөлініп оқиды. Ортақ қоңырау соғылмайды. Әр сынып оқушылары әртүрлі уақытта келіп кетеді. Оқушыларға мектепке міндетті мектеп формасында емес, еркін, ұқыпты және жинақы киімде болуға рұқсат етіледі. Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Сондай-ақ мектеп асханасы адам шоғыры болмас үшін әзірге жұмыс істемейді.

Назерке Мұсылманбекова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Мектептер осы оқу жылында қолданыстағы оқу жоспарларын басшылыққа алады. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі Көркем еңбек пен музыка пәндерін 1-5 сыныптарда қашықтан оқыту форматында қалдыруды, қалған пәндерді штаттық форматқа көшіруді ұсынған. Оқушы ауырғанда немесе науқастармен қарым-қатынас болған жағдайда ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқыту форматында қалдыруға рұқсат етіледі.