Шымкенттік мұғалім онлайн білім беретін еліміздегі ең үздік оқытушы атанды

34 жастағы Дильбар Нарметова №45 гимназияда жұмыс істейді.

Оның оқушылары «BilimLand» платформасында белсенділік танытып, сабақ кезінде жақсы нәтиже көрсеткен.  

Дильбар Нарметованың сабағы оқушыларды еш жалықтырған емес. Оқыту барысында ол интерактивті тақтаны тиімді пайдаланып, балаларды қызықтыруға тырысады. Өйткені бастауыш сыныптағыларға білім беруде тиімді тәсілдерді пайдаланған жөн дейді жас мұғалім.

Дильбар Нарметова, №45 орта мектептің мұғалімі:

- Балалармен жұмыс істеу арқылы олардың мінез құлқын анықтаймыз. Соған қарай әрібірімен жеке тығыз қарым-қатынас орнатамыз.Сабақты көбіне жаңа бағдарламаға сай ойын түрінде өтеміз.

Шымкенттегі білім ордалары аралас оқыту үрдісіне көшкен. Яғни оқушылар негізгі пәндерді мектепте өтсе, қалғанын үйден онлайн жүйеде оқиды. Соған сәйкес мұғалімде сыныптағы сабағынан соң шәкірттерімен қашықтықтан байланысуға асығады.    

Рамиля Ескендірова, №45 орта мектептің директоры:

– Дильбар Анарқұлованың республикада бірінші орын алғанына қуаныштымыз. Біздің оқушылар «BilimLand» электронды платформасымен барлық пәндерді оқып жүр.

Педагогтар онлайн білім беру жүйесі алғашқыда қиын болғанын айтады. Үйрене келе, тиімді тұстарын да байқапты. Оқушылар жауапкершілікті сезініп, өз бетінше ізденетін болған. Алайда бастауыш сынып бүлдіршіндерін мектеп қабырғасында оқытудың артықшылығы көп. 

Милана Жаринова, оқушы:

– Маған мектепке барған ұнайды. Сабақ оқығанды жақсы көремін.

Алим Имамадиев, оқушы:

- Мектепте қызық көп. Балалармен де араласамыз. Сол себепті маған мектепке келіп оқыған жақсы.

Жаңашыл ұстаз үнемі ізденіс үстінде жүреді. Оның ғылыми жұмысы Прага қаласындағы халықаралық педагогикалық журналда жарық көрген. Білікті ұстаздың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Былтыр «Оқу мен тәрбие ісінің үздік ұстазы» төсбелгісімен марапатталды.

Шыңғыс Қалиден, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов