Қызылорда облысында екі мектептің оқушылары апатты ғимаратта білім алып жүр

Қызылорда облысындағы 2 мектептің оқушылары апатты ғимаратта білім алып келеді. Оның бірі Жаңақорғанда, екіншісі Арал ауданында. Қаратаудың етегіндегі білім ошағының құрылысы былтыр басталған. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Ал теңіз жағасындағы мектеп-интернаттың ашылуы келесі жылдың еншісіне қалатын сыңайлы. Одан бөлек кезінде асығыс-үсігіс асарлатып салынған шағын мектептерге қазір бала сыймай жатыр. 

- Мектеп апатты жағдайда, соған қарамастан білім беруді жалғастырып келе жатырмыз. Өзіңіз көріп тұрғандай, барлығы түсіп жатыр, күнделікті қарап тұрмасақ болмайды.

Арал ауданындағы мектебі жоқ шағын елді мекен оқушылары осы №71 интернатта жатып оқиды. Бірақ негізінен малшының балалары жиналған нысанда алаңсыз білім алуға мүмкіндік болмай отыр. Өйткені 40 жылғы ғимарат қырық жамау күйде. Ауылдағы ағайынның баласын аудан орталығындағы қабырғасы сетінеп, төбесінің жабуы әрең тұрған мектепке жіберуге жүрексініп жүрген жайы бар. Оның үстіне бала саны жыл санап артып келеді. Сондықтан жергілікті билік ескіні жамай бермей, «жаңа мектеп саламыз» деп отыр.

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

- Биыл шешімін тауып, 980 млн теңге қаралып жатыр. Жалпы жоба-сметалық құжаты 1 млрд 300 млн теңге көлемінде. Яғни Арал қаласынан жаңа жерден 200 орындық мектеп, 100 орындық интернатымен қосылып салынады.

Теңізді жағалай қоныстанған Сапақ, Мергенсай мен Ақшатау елді мекендерінің мектептері асар әдісімен салынған. Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын құрастырмалы ағашқа лай сабан жағып, тұрғындар қолдап соққан нысандарда қауіпсіздік ережелері ескерілмеген. Мәселен, мына 120 оқушы оқитын 14 сыныптық Сапақтағы мектепте қолмен жағылатын 10 шақты жылыту пеші тұр. Өрт тұтану немесе иіс тию қаупі жоғары. Одан бөлек білім ошағының спорт және акт залы жоқ. Дәретхананы ғимарат ішіне кіргізгенімен кәріз жүйесі тағы жоқ.

Аманқос Әлиев, №69 орта мектеп директоры:

- Осы балалардың оқу мәселесіне байланысты тарлық етіп тұр мектебіміз. Алдағы уақытта бізге типтік жобадағы мектеп керек. Және де акт залы қаралмаған. Сосын екінші мәселе үлкен кең спорт зал керек. Балалар үлкен залда ойнап, денесін жаттықтырса деген ойымыз бар.

Ал Ақшатауда жағдай мүлде қиын. Ол жақтағы оқушылар мектепке жету үшін дариядан өтуі керек.

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

- Ол жерде бастауыш мектепке көптеген бала Аманөткел елді мекеніндегі интернатқа дариядан абыржының кезінде қиындықтар туғызады. Қайықпен болмаса өткелмен қатынайды. Осыған орай облыс әкімдігінің қолдауымен жобалық-сметалық құжатын жасап, республикалық бюджетке ұсыныс берілді. Жалпы құны 430 млн теңге болатын 50 орындық мектеп, 20 орындық балабақшасымен. 

Сонымен өңірдегі апатты мектептер мәселесі келесі жылы шешімін тауып қалар деген үміт басым. Ал сызба-жобасыз асарлап салынған білім ұяларының жаңаруы ұзаққа созылатын сыңайлы.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев