Ғалымдар радиациядан қорғайтын дәрі жасап жатыр

Қазақстандық ғалымдар радиациядан қорғайтын дәрі жасап жатыр. Қазір Тимур Салиевтің жетекшілігімен Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің бір топ медицина маманы осы іске белсеніп кіріскен.

Мамандардың айтуынша, аминокапрон қышқылы қан кетудің алдын алып, адам ағзасын радиациядан қорғайды.

Аминокапрон қышқылы медицинада кеңінен танымал. Нақтырақ айтқанда, 50 жылдан бері хирургиялық операция кезінде қан тоқтату үшін қолданылады. Ғалым Тимур Салиев аталған препаратты 7 жылдан бері зерттеп келеді. Нәтижесінде препараттың радиацияға қарсы тұра алатын қасиеті бар екенін дәлелдеп шықты. Дәрі жасау шыдамдылық пен уақытты қажет етеді. Тәжірибелік жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

Тимур Салиев, ғалым:

- Алдымен құрамында ДНК ((Дезоксирибонуклеин қышқылы)) бар ақ қан жасушаларын аздап сәулелендіріп алдық. Аминокапрон қышқылымен өңделген жасуша сол күйінде қалды. Өзгеріске ұшырамады. Яғни өлген жоқ. Сөйтіп, біз бұл препараттың басқа да ерекше қасиеті бар екеніне көзіміз жетті. 

Ғалымдардың айтуынша, аминокапрон қышқылының пайдалы жағы өте көп. Әзірге олар радиациялық сәулеге қарсы қолдануға болатынын анықтап шықты. Ал бос радикалға қарсы әрекеті адамның өмірін ұзартуға ықпал етеді. Тіпті аминокапрон қышқылының негізінде жасалған препарат Альцгеймер ауруының алдын алуы да мүмкін.

Тимур Салиев, ғалым:

- Мұның жақсы қасиеттері көп. Біз оның  радикалға қарсы әрекет ететінін де таптық. Яғни оттегінің белсенді түрлері бар. Ол жасушаны бұзып әрқалай әсер етеді.  Сондай-ақ біз бұл препараттың апоптозды тоқтататынын байқадық.

Жақында ғылыми топ өздері жүргізген зерттеулерінің негізінде радиацияға қарсы препаратқа патент алды. Дәріні дайындау 4 кезеңнен тұрады. Қазір мамандар соның 3-кезеңіне  өтті.

Тимур Салиев, ғалым:

- Біздің білуімізше, қазір ресми  радиопротектор жоқ. Яғни бүкіл денені, барлық жасушаны радиациядан толықтай ештеңе қорғай алмайды. Тек қалқанша безді сақтау үшін йодты препарат берумен шектелеміз. Радиациядан қорғануға басқа ешқандай дәрі-дәрмек жоқ. 

Тимур Салиев өздері жасап шығаратын препараттың тиімділігі өте жоғары болады, деп есептейді. Оның айтуынша, бұл дәріні профилактикалық тұрғыда қолдануға болады. Атап айтқанда,  атом электр станциясында жұмыс істейтіндер мен радиация алған адамдарға беруі мүмкін.

Авторлар: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов