Атырау облысында бастауыш сыныптың оқушылары мектепке оралды

Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен 9 наурыздан бастап мектептерде бастауыш сыныптың балалары оқуын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін 9-11 сынып оқушыларының 70 процентіне мектепке баруға рұқсат етілген еді. Жалпы, Атырау облысындағы 197 мектепте 135 мыңға жуық оқушы бар. Оның 61 мыңы – 5 сыныпқа дейінгілер. Басқа сыныптар үшін қашықтан оқыту жүйесі қалдырылып отыр. Мектептерде тәртіп сақшыларымен бірге, санитарлық дәрігерлер де сақтық шараларын қадағалайды.

Естеріңізге сала кетейік, оқу жылы басталғалы облыс бойынша мектеп жасындағы 191 бала жұқпалы дертке шалдыққан. Оның 33-і вирусты мектептен жұқтырған. Сол себепті қаладағы 10-шы мектептің 2 сыныбы карантинге жабылған болатын.

Айнагүл Дүйсекенова, облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

– Сабақ кестелерінің өзі нақтылап жасақталған. Яғни, жаппай жиналу болмайды. Сонымен қатар маскалық режим, есік алдында баланың дене қызуын өлшеп кіргізу, тағы да басқа процедуралардың барлығын мүмкіндігінше ұйымдастырып, балаларды топтастырмауға тырысып жатырмыз.