ҚР БҒМ музыка мектептерінің жекеменшікке өтуіне қатысты өз ұстанымын жеткізді

ҚР Білім және ғылым министрлігі музыка мектептерінің жекеменшікке өтуіне қатысты пікір білдірді.

«ҚР Білім және ғылым министрлігі музыка мектептерінің жекеменшікке өтуін қолдамайды. Ол ұйымдарда балалар қосымша білім алып жатыр. Сондықтан шығармашылық бағытындағы үйірмеге балаларын қатыстырып жатқан ата-аналар мен сонда жұмыс істейтін педагогтердің бұл мәселе төңірегіндегі алаңдаушылығын түсінуге болады», – делінген министрлік таратқан мәліметте.

Қайта жұмыс істеп тұрған мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарын дамыту қажеттігі айтылған.

«Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидасы бойынша қосымша жаңа объектілерді салу және іске қосу мақсатында бизнес өкілдерін тарту қажет. Оған қоса биыл «Білім туралы» Заңға түзетулер енгізілген болатын, соның негізінде әкімдіктер балалардың жекеменшік қосымша білім беру орталықтарында үйірмелер мен секцияларға қатыса алуы үшін мемлекеттік тапсырыс арқылы жағдай жасай алады», – делінген.