Карантиннен мектепке оралған оқушыға психологтың көмегі қажет

Карантинде төрт қабырғада қамалып, онлайн сабақ оқыған балалардың қайтадан мектепке бейімделуіне 2-3 апта уақыт керек. Психологтар осылай дейді. Қазір елорда мектептерінде мотивациялық тренингтер ұйымдастырылып, мамандар балаларға барынша қолдау көрсетіп жатыр. Әсіресе індеттен жақынын жоғалтқан оқушылардың бойында үрей бар дейді мамандар.

Онлайн оқығанда қиындық көрген балалар қайтадан мектеп партасына отырды. Интернеті нашар ауылда үйлердің шатырына шығып, ағаштың басына өрмелеген оқушылардың қуанғаны рас.

Мамандардың айтуынша, бірнеше ай қамауда отырған балалардың психикасында біраз өзгеріс бар. Ойын баласы аулаға да шыға алмай қалды емес пе?! Есесіне телефонға телміріп, көз жанарын әлсіретті.

Айгүл Рақымжанқызы, №56 мектеп психологы:

- Әсіресе ең жақынын жақын атасын, әжесін әкесін жоғалтқан балаларымызда инфекциядан немесе көпшілікке қосылудан қорқып отырған оқушыларымыз бар. Бірақ олардың ата-аналарымен, сынып жетекшілерімен байланыс арқылы осы төртінші тоқсанда түгел бейімделеді деп ойлаймыз.

Елордадағы номері 56-мектеп. Балалар дәстүрлі әдіспен оқып жатыр. Биыл мектеп бітіретін Алмас онлайн оқудың оңай болмағанын айтады. Дегенмен, мұғалімдер барынша көмек көрсеткен. Психолог маманның айтуынша, оқшаулану кезінде бала түгілі үлкендердің психикасында өзгеріс болды.  

Алмас Алпысов, мектеп оқушысы:

- Достарыммен кездеспегенім, мектепке дәстүрлі түрде оқымағаным өте қиын болды деп айтуға болады. Біз келгеннен кейін, қиын кезеңнен кейін мұғалімдеріміз, мектеп басшылары бір ұйым болып, барлық балаға дұрыс нұсқаулық бере алды. 

Меруерт Аркенова, ата-ана:

- Балаларым керемет қуанды мектепке келген кезде. Балам 11-сыныпта оқиды ғой. Бірінші күн барып келгенде «мама, мектеп қандай керемет!» деді ғой. Сол сөздің астарында үлкен мағына жатыр деп ойлаймын өз басым. Біз ата ана балаға ең бірінші тәрбие береміз. Ал, оны тұлға етіп қалыптастыратын мектеп қой. 

Балаларға психологиялық көмек керек екені сөзсіз. Алайда, маман тапшы, бәрін қамту мүмкін емес. Елу алтыншы мектепте 1300 оқушы бар. Екі психолог жұмыс істейді. Негізі 300 балаға бір маманнан келуі тиіс екен. 

Айжамал Исабекова, «Астана дарыны» психологиялық кабинетінің меңгерушісі:

- Балалардың қорқынышы, ата-аналардың қорқынышы сейілген жоқ. Әр нәрседен күдік, қорқыныш жандүниесінде бар. Сондықтан психологтар олармен жұмыс жасау үшін бір-екі психолог оған үлгермейді. Психолог маманына деген кадр тапшылығы бізде қатты сезіледі. 

Мамандар әсіресе биыл мектеп табалдырығын аттаған балдырғандарға қолдау керектігін айтып отыр. Қазір оқушыларға арналған мотивациялық тренингтер жиі өтеді. Мақсаты індеттен үрейленіп қалған балаларды қалыпты өмірге бейімдеу.

Авторлар: Ақсәуле Байменшина, Ержан Қанапияұлы