Байқоңырдағы жеті мектеп оқушылары 1 қыркүйектен бастап офлайн оқып келеді

Ресей білім жүйесімен оқитын Байқоңыр мектептері жаңа оқу жылын дәстүрлі түрде бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұлдызды қалашықтағы 7 мектептің 4500-дей оқушысы 1 қыркүйекте партада отырды. Сондай-ақ 13 балабақша мен индустриялдық және электрорадио техникумдары да офлайн форматқа көшкен. Музыка, көркемсурет, шығармашылық орталықтары да күздің алғашқы айынан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жалпы Байқоңырдағы оқу барысымен тілші танысып қайтты. 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Бұл – халықаралық ғарыш мектебі оқушыларының жаңа оқу жылындағы алғашқы ұшырылымы. Білім беру ұйымдарындағы педагогтардың барлығына вакцина салынғандықтан, негізгімен қатар тәжірибелік сабақтарға да рұқсат берілген. Дезинфекциялық құралдармен қамтылған, бірақ жаппай бетперде тағу міндеттелмейді.

30 жылдық тарихы бар оқу нысанында қазір 635 оқушы физика-математика, химия-биология және әуе-ғарыштық бағыт бойынша 2 ауысымда білім алып жүр. Мектептің түлектері Қазақстан мен Ресейдің аэрокосмостық құрылымдарында қызмет істеуге маманданып шығады.

Дмитрий Шаталов, халықаралық ғарыш мектебінің директоры:

- Оқушыларымыз ғарыш медицинасынан бастап халықаралық құқық негіздеріне дейін меңгеріп шығады. Тәжірибе сабақтарын өту үшін космодромға жиі барып тұрады. Зымыран тасығыш конструкциясы, ұшу алаңының құрылымы, ғарыш кемесінің ұшуын жеделдету, орбитадағы ғарышкерлерді қамту жүйесін толық оқытамыз.

Байқоңырлық педагогтар онлайн форматтан бірыңғай қол үзген жоқ. Мектептерде сабақ болғанымен, тәрбие сағаттары, ата-аналар жиналысы, түрлі өнер байқаулары әлеуметтік желідегі трансляция арқылы жүргізіледі.

Елена Ким, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Оқушылардың бір-бірімен кездесуін азайту үшін арнайы кесте құрдық. Сабақтың басталу уақыты мен үзілістер жоғарғы, ортаңғы және кіші сыныптарға бөлек-бөлек белгіленді. Оқушылар мектепке алдыңғы есікпен кіріп, артқы есікпен шығады.

Қазақстандық білім жүйесімен оқитын Байқоңырдағы 5 мектеп оқушылары болса, отандық стандартқа сай онлайннан офлайнға енді көшіп жатыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев