Бүгін Халықаралық астрология күні

Бүгін Халықаралық астрология күні. Бұл датаның Әз-Наурызбен тікелей байланысы барын бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Жаңа астрологиялық жылдың ұлық мерекеден басталуы да бекер емес. Мейрам қарсаңында астрологтар не дейді? Тарихшылардың пікірі қандай?

Біз білетін қазіргі жұлдызнама және күллі түркі жұрты үшін қасиетті саналатын Наурыз мейрамының түп тамыры ежелгі Шумер өркениетінен бастау алуы мүмкін. Кейбір әлемдік тарихшылар осы тұжырымға басымдық беретіні белгілі. Бірақ мұны көпшілік біле бермейді. Жұлдызнамадағы бірінші белгі Тоқтының 21 наурыздан басталуы да сондықтан. Ендеше астрологтардың жыл басы қарсаңындағы болжамы қандай?

Гүлмира Махметова, астролог:

– Жаңа астрологиялық жыл Күн алғашқы градусына яғни жұлдызнамадағы Тоқты белгісіне ауысқанда басталады. Бұл ғарыш қуатының жаңаратын және қайта туатын кезеңі. 2021 жыл былтырмен салыстырғанда астрологиялық құбылыстарға бай болмайды. Біріншіден, биыл кібісе жыл емес. Күн мен Айдың тұтылуы сиреп, кертартпа ғаламшарлар болмайды. Жаһанды дүрліктірген індет қаупі кезең-кезеңімен сейіледі. Білім қуып, біліктілігін арттырғандардың еңбегі зая кетпейді.

Ал белгілі тарихшы Ержан Өмірханұлының айтуынша, Ұлыстың ұлы күнін белгілі бір өркениетке жатқызу әсте дұрыс емес. Көктемнің шуақты күндерін қарсы алу ауыл шаруашылығымен айналысқан әр халыққа ортақ дәстүр. 

Ержан Өмірханұлы, тарихшы:

- Мұны белгілі бір дәрежеде сақталып қалған. Мәселен, түркі халықтарының арасындағы кейбір мерекелер. Мәселен, өзімізбен қандас башқұрт халқы бар. Сонда «қарға тойы» дейтін мереке бар. Ұзақ құсы ұшып келген кезде үлкен тауға барып, сол жерде қарғаларға азық береді. Міне осының өзінен ақ бұның тек қана сол парсылар жағына ғана емес, түркілік сипаты да бар екенін көруге болады. 

Байырғы заманда көктемгі мереке кәрі құрлықта да кеңінен тойланған. Кейбір елдер мен қалаларда әлі күнге дейін аталып өтеді. Мәселен, Испанияның Валенсия қаласында Лас-Фальяс мейрамы бар. Әлемдік фестивальге айналған «от мерекесі» 15 наурыздан басталып бір жұма бойы жалғасады. Көнеден келе жатқан айтулы күндер Еуропаға дін келгелі ұмыт бола бастаған. Ал түркі жұрты дін мен дәстүр сабақтастығын мейілінше бұзбаған.

Ержан Өмірханұлы, тарихшы:

- Ислам діні пайда болған кезде белгілі бір тыйымдарға қарамастан бұл мейрам өзінің жалғасын тапты. Яғни әсіресе түркі халықтары арасында. Патша үкіметі заманында да жалғасын тапты. 1868 жылы М.Красовский «Сібір қырғыздарының облысы» деген еңбегін жариялайды. Бұл жерде қазақтар осы мерекені ұрпақтан ұрпаққа көптеген мыңжылдықтар бойы алып келе жатқаны жөнінде пікірін айтады

Бұл мерекеге қай қырынан қарасақ та, Наурызнама қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы. Атақ-даңқы Алты Алашқа жайылған ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осылай жазды.

Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев, Аят Дүйсембаев