Диабетпен ауыратын адамның ковидтен көз жұму қаупі аса жоғары болады

Қант диабетімен ауыратын адамдардың ағзасы короновируспен күресуге әлсіз әрі вирустан көз жұму жағдайы сегіз есе жоғары болады.

Бұл дерек «Эндокриндік патология және COVID-19: интерконтиненталды диалог» атты халықаралық сипмозиумда айтылды.

Тақырыпты онлайн талқылауға әлемнің 26 елінің мамандары қатысып, пандемия кезіндегі қант диабетін емдеу ісіндегі тәжірибелерімен бөлісті. Қазақстанда бұл ауруға шалдыққан адам саны 380 мыңнан асады. Жыл сайын науқастарды емдеуге 1 млрд доллар көлемінде қаржы жұмсалады. Бюджет қаражаты тек дәрі-дәрмекке ғана емес, сонымен бірге дәрігерлік кеңеске, мүгедектік жөніндегі жәрдемақыға, емдеу мен стационарға кетеді. Соған қарамастан жыл сайын 16 мың адамның ауруы асқына түседі. Дерт дендеп, аяғынан айырылған науқастар жан күйзелісіне ұшырайды. Ішімдікке салынып, өз-өзіне қол салатын қайғылы жағдайлар да кездеседі. Мамандар пікірінше, осындай статистиканың артуына денсаулыққа немқұрайлы қарау мен медициналық көмектің сапасыз жасалуы себеп.

Жангентхан  Абылайұлы, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эндокринология кафедрасының меңгерушісі:

- Қант диабетімен ауыратын науқастар саны Қазақстанда жылдан жылға өсіп келе жатыр. Коронавирустың әсерінен де оның көбеюі мүмкін. Оны бүгінгі күні ешкім болмайды деп айта алмайды. Ғылыми жұмыстар бар дүние жүзінде шығып жатқан. Коронавирустан кейін ұйқы безінің жұмысы бұзылып, қант диабетімен ауыратындар бар. Бұл бүгінгі күні жаңа басталып келе жатқан нәрсе, оны түйіндеу үшін әрі қарай тексеру керек.

Сондай-ақ...