430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлдық мұғалім қыз балаларды қолөнерге баулып жүр

  • 104
  • UPD: 10:45, 23.03.2021

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Күлмай Дахан оқушы қыздарды біз ұстап, кесте тігуге баулып жүр. Бұл сәндік қолөнердің ең көне түрі болып саналады. Ісмер әйел ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұраны жалғастырып, «Тұмар» үйірмесін ашты.

- Аяқтағаннан кейін екінші жіпті бастау үшін тағы да мына жіпті артына жібересің... 

Күлмай Дахан – он саусағынан өнер тамған ісмер әйел. Ол кесте тігу, киіз басу, гобелен тоқу секілді ұмыт бола бастаған сәндік қолөнердің хас шебері. Тіпті оның көне әдістерді білетін саусақпен санарлық адамдардың бірі.    

Күлмай Дахан, «Тұмар» сәндік қолөнер үйірмесінің жетекшісі:

- Кестенің өзі бірнеше түрлері болады. Көбінесе мен бізкесте деп соны бағыттаймын. Себебі ол көнеден келе жатқан, ұмытылып бара жатқан өнердің бір түрі. Бізкесте деген біздің нақты қазақтың нақты өзімізге тән өнер. 

Қолөнер шебері қазір бар білгенін жастарға үйретіп жүр. Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі «Тұмар» үйірмесіне келетін қыздардың бірі – Айсана Әубәкірова. Ол кесте тігумен 3 жыл айналысады. 

Айсана Әубәкірова, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Осы үйірмеге барудың маңызы зор мен үшін. Себебі мен өзім осындай жұмыстарды өз қолыммен жасап, кейін оларды үйіме көркемдік үшін іле аламын. Немесе болашақта өзіме киімдерге оюларды тіге аламын. 

Күлмай Даханның шәкірттері тоқыған картиналар мектептің бір қабырғасында көрме болып тұр.

«Басты мақсатым ұлттық өнерді өлтірмеу», - дейді шебер.

Авторлар: Айдарбек Айтұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы