Жекеменшік мекемеде грантты өтейтін түлектің мамандық бойынша жұмыс істеуі шарт

Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін түлектер үш жыл бойы мамандығы бойынша жұмыс істеуі қажет. Осы жылдан бастап елде жұмыспен қамту ұйымдарының желісі кеңейтілді. Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі тиіс.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Қазір басқа саладан бақытын іздеп жүргендер көп. Алған білімі бөлек, істеп жүрген қызметі бөлек мамандық иелерінің көшін заңгерлер мен экономистер бастап тұр. Осы орайда әріптесім өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр ме?

Айдос Қыздарбек, жарық қоюшы:

- Мамандығым заңгер. 2020 жылы қиын кезең болды. Групаластарымның ішінде 2 бала ғана өз мамандығымен жұмыс істейді. Қазір нәпақа табу үшін жарық қоюшы болып жүрмін.  Пандемия кезінде мораторий жарияланғаннан кейін қиын болды. Жұмыс істемей жүргендер көп мамандық бойынша, өзімнің таныстарым стройка, официант болып істейді. Жалақы аз. Қазір ақша керек заман ғой.

Айдос өткен жылы Алматы қаласындағы белді университеттің бірін бітірген. Ол 4 жыл заңгер мамандығында оқығанымен қазір жарық қоюшы болып жұмыс істейді. Себебі мамандығы бойынша мардымды жұмыс жоқ, нәпақа табу керек. Дегенмен, білім саласындағы биылғы өзгеріс, жаңа заң енді Айдосқа басқа салада жұмыс істеуге кедергі болайын деп тұр.

Әділет Тойбаев, ҚР БҒМ Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры:

- Егер түлек грантта оқығаннан кейін өз мамандығы бойынша жұмыс істемесе онда оның біліміне жұмсалған қаражатты мемлекетке қайтаруға тура келеді. Студент грантта екі жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауысты делік. Бұл жағдайда ол қанша жыл грантта оқыса, сонша жылын жұмыспен өтеуге міндетті. Дәл осы норма, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған 68 мың түлектің 12 проценті магистратурада білім алып жатыр. Ал қалғаны жұмысқа орналасып, күн көрудің қамына кіріскен. Барлық бағдарламалар бойынша жұмыспен қамту 71%-ті құрайды. Мемлекеттік грантпен оқыған 8 мыңнан астам адам дәл мамандығы бойынша еңбек етіп жүрген жоқ. Тек 500-ге жуық түлек бюджет шығынын қайтарған.

Динара Кеңесбаева, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Мансап және бизнес серіктестік» бөлімінің басшысы:

- 2019 жылы 100 проценттен 90 процент жұмыспен қамтылған, оның ішінде 80 пайызы грантта оқыған. Түлектердің көбі Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеуді көздейді.  Осы жерде туындайтын мәселе студенттердің көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмыс таппауы, сол себепті түлектердің кейбіреулері басқа мамандықпен жұмыс істейуді көздейді.

Жасырын емес, жұмыссыз жастар көп. Олар оқыған тегін оқуды мамандықпен өтеу үшін елде тиісті жұмыс орындары жеткілікті ме? Қарағайдай диплом иегері бола тұра басқа салада нәпақа тауып жүргендер көп.

Маманның грантты жұмыспен өтемей жүргені анықталғанда одан оқу шығыны оқу бітірген жылы өндіріледі. Бюджет қаражатын бөліп төлеу арқылы қайтару секілді ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Жыл сайын бір студентті оқытудың орташа шығыны 635 800 теңге.

Айта кетейік,  елімізде аграрлық салада түлектердің небәрі 5-10 проценті жұмыс тапқан.

Наргиз Бекмағанбетова, Диас Ковланбаев, Болат Абдуллин