Биыл Қостанай облысындағы бес бастауыш мектеп жабылады

Қостанай облысында 34 ауылдың мектептерінде оқушы саны тиісті нормадан кем, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан оңтайландыруға ұшырауы мүмкін. Ал өңірдегі бес бастауыш мектеп биыл мүлдем жабылады. Ауылдық білім ордаларын сақтап қалудың бір ғана амалы – бала санын толтыру. Сондықтан бұл елді мекендерге қоныс аударуашыларға жергілікті билік бар жағдайды жасап беруге дайын.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қабылданған жол картасына сәйкес алдағы оқу жылында Қарасу ауданында 3 білім ордасы оңтайландыруға ұшырайды. Яғни негізгі мектептен бастауышқа айналады. Соның бірі – мынау Герцен ауылындағы негізгі мектеп. Мұнда кезінде 500-ге оқушы болса, қазір 29 ғана қалған. «Жалғыз әлеуметтік нысан, яғни мектеп жабылатын болса, ауылда адам қалмайды», - дейді жергілікті тұрғындар. 

Бұл ауылда 60 шақты үй түтін түтетіп отыр. Соңғы бір-екі жылда оңтүстік облыстардан үш отбасы көшіп келген. Солардың бірі – Жолановтар отбасы.

Аида Жоланова, Герцен ауылының тұрғыны:

- Бастауыш қылатын болса, біз қайда барамыз. Біздің әр отбасыда 4-5 баладан бар. Балалар осы мектепте оқиды. Егер де бастауышқа айналса, біздің көшуімізге тура келеді. Біз көшкіміз келмейді бұл жақтан, кеткіміз келмейді. Мал ұстауға, шаруашылық істеуге, егін егуге барлық жағдайлар бар.

Нормативтік талапқа сәйкес 9 жылдық мектепті сақтап қалу үшін бала саны 41-ден кем болмау керек. Қазір ауыл әкімінің бас қатырып жүрген мәселесі осы. Көшіп келіп, тұрақтап қалам деушілерге баспанасын, малын, жем-шөбін тегін беруге әзір.

Мүсілім Нұғыманов, Айдарлы ауылдық округінің әкімі:

- Қазіргі күнде екі пәтерлі үйдің фундаментін құйып қойдық, дайын тұр. Құдай амандығын берсе, сол биыл үйді орнатамыз, сол үйге екі отбасы кіреді, ал босаған пәтерлерге тағы 2-3 отбасы әкеліп, сондай мақсаттарымыз бар.

Облыста жыл сайын мектеп саны қысқарып жатыр. Былтыр 10 білім ордасы жабылған болатын. Биыл бесеу. Өткен жылы 19 мектеп ортадан, негізгіге, негізгіден бастауышқа шағындатылса, биыл 34 мектеп солай оңтайландырудың кебін киюі мүмкін.

Зәуре Байменова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Әрине, әлі де зерттеп, зерделейміз. Қалайда мектептерді сақтап қалуға тырысамыз. Бірақ нормативтік талапқа сай келмесе, оңтайландыруға не жабуға тура келері анық. Шағын мектептерде кадр мәселесі де өзекті. Ал бізге баланың дұрыс білім алғаны маңызды.

Қазір бұл ауылдар оңтүстіктен келер көшке үміт артып отыр. Айта кетелік, «Еңбек» бағдарламасы бойынша Қостанай облысына оңтүстіктен 700 отбасы қоныс аударған. Оларда тек қана мектепке дейінгі 187 бала бар екен. Бұл да болса, көңілге медет.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг