Педагогтерге алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» наградасы табысталды

Елімізде алғаш рет педагогтерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы берілді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 20-дан астам мұғалім білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерге мемлекеттік награданы табыс етіп, оларға алғыс білдірді, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.

«Педагогтерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы тағайындалды. Еңбектеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Наградаларыңыз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін», – деді министр Асхат Аймағамбетов.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі.

Жоғары атаққа ие болған педагог 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады.