Елордада оқу жылы басталғалы 1600 бала коронавирус жұқтырған

Елорда 20 күннен бері коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша «қызыл» аймақта тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі уақытта инфекциялық стационарлар 74%-ке толы. Жансақтау бөлімдерінде де қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Соңғы 3 күнде науқастар саны екі есе артқан. Күніне 450 адамға дейін індет жұқтырады. Бүгінде қалада 1736 ошақ бар. Науқастармен байланыста болған 4 мыңға тарта адам дәрігерлер қарауында. Өкінішке қарай карантинге жатқызылған тұрғындардың дені тиісті талаптарды сақтамайды. Қалалық бас санитариялық дәрігердің айтуынша, оқу жылы басталғалы 1600 бала коронавирус жұқтырған. 92 мектеп карантинге жабылды. Қазір елордада 24 ПТР зертхана жұмыс істейді. Онда пандемия басталғалы 13 мыңнан аса қауіпті вирус жұқтыру дерегі анықталған.

Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұл COVID-19 дегеніміз – өмірге өте қауіпті ауру. Бұл ауру жай ғана тұмау емес, бұл ауру өкпенің тамырларын зақымдайтын ауру. Соның кеселінен біздің науқастарымыз ИВЛ-ге тәуелді болып, реанимацияға түсіп қалады. Бұл аурудың өлім-жітім көрсеткіші өте жоғары. Екінші жағынан бұл аурудан сақтану жолдары бар. Өздеріңіз білесіздер, қазақ атамыз айтады: «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді. Бұл ауруды жұқтырмаудың көптеген амалдары бар. Сол амалдардың бәрін сақтап, бірімізді-біріміз күтіп жүрсек, сонда ауырмайтын боламыз.