Маусым айының басында елорданың бітіруші сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау өтеді

Елордалық мектептердің 9 (10) сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау 28 мамыр мен 7 маусым аралығында үш пән бойынша өтеді.

Бұл туралы онлайн-брифингте қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева мәлімдеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Спикер 10 наурыздан бастап Тәуелсіздік сарайының базасында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп, ол маусым айының соңына дейін жалғасатынын еске салды. Бүгінгі таңда елорданың 7 567 оқушысының 490-ы ҰБТ-дан өтті.

«Қорытынды аттестаттауға өткізуге қатысты 9 (10) сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау 28 мамыр мен 7 маусым аралығында үш пәннен: қазақ, орыс және ана тілдері (ұлттық мектептегі қазақ және орыс тілдері мен әдебиеті), математика (алгебра) бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұсынымдарына сәйкес жазбаша нысанда өтетінін атап өтеміз. Ал 11 (12) сыныптардың білім алушылары үшін 1-10 маусым аралығында қазақ, орыс және ана тілдері, сол сияқты алгебра және жазбаша түрдегі талдаудың басталуы, Қазақстан тарихы, ұлттық мектептерде қазақ және орыс тілдері электрондық тестілеу түрінде өтеді», – деп хабарлады Бағлан Сматаева.

Оның айтуынша, 9 (10), 11 (12) сынып оқушыларын қайта аттестаттау 11-20 маусым аралығында өтеді.