Маңғыстаулық оқушылар төртінші тоқсанды мектепте оқиды

Сондай-ақ түлектер биыл қорытынды аттестаттаудан өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы облыстық білім басқармасының өкілдері мәлімдеді. Осыған дейін дәстүрлі форматта 1-ден 5-ке дейінгі, 9 және 11-сынып оқушылары оқыған еді. Облыстың «жасыл» аймақта екенін ескере отырып, бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысына сәйкес, қалған сынып оқушыларының да мектепке баруына рұқсат берілді. Санитарлық талаптарға сай әр сыныпта 25 баладан оқиды. Ал эпидемиологиялық жағдай ушығып жатса, қосымша шектеулер енгізілмек.

Гүлмира Мамаева, облыстық білім басқармасы басшысының м.а.

– Әрине, онлайн мен оффлайнды салыстыруға болмайды. Бетпе-бет оқыған кезде білім сапасына да әсер ететін жағдайлар бар. Ата-аналар балалары ауырып қалған жағдайда немесе контактіде болған жағдайда ғана үйде алып қалуына рұқсат бар. Оның анықтамасы болу керек. Басқа жағдайда ата-аналар балаларын мектепке оқуға жіберуі тиіс.