Талдықорғанда өнертапқыштар қоқыс сұрыптайтын автомат ойлап тапты

Талдықорғандық жас өнертапқыштар ыдырамай жүз жыл бойы жататын пластикалық бөтелкелерді жинаудың тың тәсілін ойлап тапты.

Табиғатты таза күйінде сақтау үшін олар арнайы автомат құрастырған. Оған сусын құтыларын салса, төменгі жағынан үй жануарларының азығы түседі. Осылайша әрбір адам өзі тұратын қаланы тұрмыстық қалдықтардан тазартуға үлес қосып және ит пен мысықтарды тамақтандыра алады. Валерий Ким және Виктор Кахно есімді оқушылар аппаратты жасауға екі ай уақытын жұмсаған. Құрылғы нейронды желі арқылы бөтелкелердің түр-түсін анықтайды. Соған сәйкес сұрыптайды. Мәселен, темір, шыны ыдыстар салынған жағдайда оны қоқыс шелегіне лақтырып тастайды. 

Виктор Кахно, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Аппарат белгі беретін арнайы құрылғылармен жабдықталған. Құты жиналатын орын толған кезде қызмет көрсететін команда мүшелерінің телефонына смс-хат келеді. Соған сәйкес жұмысшылар автомат ішін босатып, жиналған пластмасса бөтелкелерді өңдеуге жібереді.