Израиль тәжірибесін көрген ҚР БҒМ білім жүйесінен тағы бір кемшілік тапты

Елімізде 7 мыңнан астам орта білім беретін мектептердің 137-сі үш ауысымда бала оқытып келеді. Үш ауысымды мектептер Алматы облысы мен Шымкент қаласында сондай-ақ Маңғыстау облысында басым. Бұл түйткілді шешу үшін Білім және Ғылым министрлігі 2025 жылға дейін 800 білім ұясын салуды жоспарлап отыр. Соның екі жүзінің құрылысы биыл жыл соңына дейін  аяқталып, ел игілігіне берілмек. Алайда бұдан үш ауысымда оқыту жүйесі шешімін таба ма? Шетелдік ғалымдар қанша жерден керемет оқулық шығарып, инновация қолданса да, үш ауысымдық тұрмақ, екі кезеңде білім беру жүйесінен құтылмай, оқу сапасы оңалмайды деген пікірді алға тартады.

Еліміз үш ауысымды білім жүйесінен құтыла алмай отырғанда әлем педагогтері тіпті екі ауысымның өзі тиімсіз деп танып отыр. Мұндай оқу форматы көптеген мемлекеттерде қолдау таппаған. Екі ауысыммен оқу әуелі балаға сосын ата-анаға қала берді ұстазға да келеңсіздік туғызады. Мұндай пікірді білім жағынан дүние жүзінде 20 шы орын алатын Израильдің тіс қаққан ұстаздары айтып отыр.  

Марк Бабот, мектеп директоры:

- Израильде бұрыннан бері екі ауысымды оқыту жүйесі тоқтатылған. Оны ашу ақылға қонымсыз. Себебі оқушылардың көбі түс қайтқан соң, сабақты қабылдауға құлықсыз болады. Баланың өмірін тек мектеппен байланыстыруға болмайды. Ол қажет кезде достарымен қыдыру керек, спортпен шұғылданғаны да абзал. Мен өз басым мұндай екі ауысым дегенді қолдамаймын.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Қараңғы түскенде кешкісін мектептен қайту еліміздегі 137 мектептің оқушылары үшін үйреншікті іс. Себебі Қазақстанда дәл осы 137 білім ордасы үш ауысымдық кезеңмен бала оқытуда. Шәкірттердің 3 ауысымдық мектепте  білім алуына бірнеше себеп бар көрінеді. Ол әуелі демографиялық өсім мен ішкі көші-қон. Сондай-ақ кеңес үкіметі кезеңінде салынған мектептердің тозуы.

Үш ауысымды мектептердің көшін бастап тұрған Шымкент шаһары. Өңірде жылына шамамен 80 мың бала өмір есігін ашады. Сондықтан  балабақша мен мектептер тапшылығы айқын сезіледі. Қаладағы жалпы 186 білім ұйымында 228 мыңнан астам бала білім алуда. Бала саны мен миграция есебінен биылғы жылдың өзінде 17 мыңнан астам артық бала білім ұйымдарына келеді деп жоспарланып отыр. Ал шымшаһарда 3 ауысымда білім беретін мектептер саны 15 болатын болса, бала саны шамадан тыс артық мектептер саны 32-ге жеткен. 

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Жоспар аясында 5 жылдың ішінде 72 мектеп құрылысы салынғалы отыр. Биылдың өзінде 72 мектептегі орын саны 68 500 орынды құрайды. Биылғы жылы 32 мектептің құрылысы басталғалы отыр. Оның ішінде 20 пайдалануға беріледі. 21 жылдың соңында 3 ауысымды мектептің санын 14-тен 9-ға, ал апатты бір мектептің орнына бір мектеп пайдалануға беріледі. Ал оқушылығы толымдылығы артық мектептер саны 32 ден 17 ге, мектебі жоқ елді-мекендер яғни жаңа мөлтек аудандар 13-тен 11-ге азаяды деп күтілуде. 

Білім ордасының тапшылығынан өткен жылы кәсіпкерлер өз мейрамханалары мен тойханаларын жеке мектеп етуді қолға алған болатын. Бұған той өткізуге шектеу қойылған карантин де түрткі болды. 

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Жеке кәсіпкерлерді бұл мәселе ойландырып отыр. Шымкенттегі тойхана иелері де білім басқармасына келіп, ол мөлтек аудандағы оқушы санын мектеп ашқан кезде ол жерде қанша бала қамтылатыны жөнінде сұраныстарын білдіруде.

Ал Алматы облысында үш ауысымдағы мектептер санын азайту үшін 20 білім ордасы салынып жатыр. Олар негізінен Алматы қаласының маңындағы аудандарда бой көтермек. Бұдан бөлек аймақта апатты және бейімделген ғимараттардың орнына жаңасын тұрғызу жоспарланған. Соның нәтижесінде жағдай біршама жақсара түспек. 

Гүлсара Исағұлова, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Бұл мәселе 5 жылда шешіледі деп отырмыз. Жалпы облыста 5 жоспар жасалды. Сол жаспраға сәйкес 85 мектеп салынады. Сол сексен бес мектептің он тоғыз мектеп биыл пайдалануға беріледі. 19 мектептің жалпы мақсатты қаржыға салынса үш мектеп жекеменшік мектеп есебінен салынады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 1865 мектеп бой көтеріпті. Орта есеппен алғанда жылына жүзге жуық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Алайда үш ауысымдық оқытуды әзірге жою мүмкін болмай тұр. 

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

- Міне қараңыз бұл мектеп деген мақсатты құрылыс. Ал оның минусы неде? Мемлекет салған кезде жақсы. Көп ақша бөледі, бірақ  бұл үшін жергілікті атқарушы органдар жауап берсе де біз де кей кездері білім нысаны үшін сөз естіп жататынымыз бар. Себебі әкімдіктер құрылысқа бөлінген қаржыны уақытында игермейді. Кешеуілдеп жатады. Мектептер уақытында салынбағандықтан тапшылық пайда болады. Сосын оқушыларды кезең кезеңімен оқытуға тура келеді. Мұнда үш ауысымдық білім беруге әсер ететін факторлар өте көп.  

Сонымен үш ауысымдық оқыту жүйесінен алшықтаудың бірден бір жолы жаңа мектептерді көптеп салу. Әуелі құрылыстың қарқыны мен көлемін арттыру керек. Ол үшін үкіметте жаңа тетіктер іске қосылуда. Сондай-ақ тез тұрғызылатын модульдік мектептер салу да жоспарда бар.

Авторлар: Нұрбек Байбосын, Арман Ақшабаев