Елорда іргесіндегі ауылда бірнеше ата-ана баласын сабаққа жібермей отыр

Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылында бірнеше ата-ана баласын сабаққа жібермей отыр. Олар «ұл-қызы коронавирус жұқтырады» деп қорқады. Ал «тапсырманы үйде орындап, қашықтан оқуға мектеп жағдай жасамайды» деп наразы. Бұл мәселеге қатысты білім беру мекемесі басшылығының да өз айтары бар.

Ғалия Мұхамбетова төрт баланың анасы. Екеуі Жібек жолы елді мекеніндегі Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектепте онлайн оқиды. Ал екінші және төртінші сыныптағы балалары офлайн режимде, яғни білім беру мекемесіне барып, сабаққа қатысуы тиіс. Алайда Ғалия оларды бір аптаға жуық уақыт бойы білім ошағына жібермей отыр.   

Ғалия Мұхамбетова, көп балалы ана:

- Мен баламның білім алуына қарсы емеспін. Оның індет өршіп тұрған кезеңде мектепте білім алғанына қарсымын. Біздің ауылда коронавирус жұқтыру дерегі көбейді. Мектепте де мұғалімдердің бірі ауырып жатыр деген ақпарат тарады. Осыған байланысты бір аптадан бері бастауыш сыныптағы балаларды онлайнға көшіруді сұрап келеміз. Алайда нәтиже жоқ.  

Ғалия да, баласын мектепке жібермеген өзге ата-ана да енді айыппұл арқалаймыз ба деп қорқады. Себебі олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 127-бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Құжатта кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға білім беру және өзге де міндеттерді орындамағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны көрсетілген. Алайда ата-аналар дегенінен қайтпаймыз деп отыр.    

Нәзира Серікбаева, көп балалы ана:

- Баланың өмірін тәуекелге тігетін артық баламыз жоқ. Сол үшін баламызды жібермейміз. 

Қазір мектепте бастауыш, бесінші, тоғызыншы және он бірінші сыныптың оқушылары оқиды. Сәуір айында бір баланың коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұдан бөлек мұғалімдердің бірі 14 күндік оқшаулануға жіберілді. Ал баласына алаңдаған ата-аналар Ақмола облысы бойынша бас санитарлық дәрігердің қаулысын күтуге мәжбүр.  

Ақнұр Түркістанбаева, И.Құтпанұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектептің директоры:

- Қазіргі таңда ата-аналардың жазған өтінішін аудандық білім бөліміне жеткізгенбіз. Ол кісілер облыстық білім басқармасына, СЭС-тің қызметкерлеріне жеткізген болатын. Қазір бұл сұрақ қаралуда. Онлайн форматта оқуға ауыстыруға рұқсат беретін болса, қай кезде қаулы келеді, ата-аналарға ескертіп, оқушыларды онлайн форматқа ауыстыруға дайынбыз. 

Айта кетейік, 6 сәуірде Ақмола облысы коронавирус жұқтыру дерегінің көбеюіне байланысты «қызыл аймаққа» өтті. Бас қаламен шекаралас Аршалы ауданы да дәл осы аймақта орналасқан.